Accessibility links

ЮСАИД-тің Қазақстандағы өкілдігі қалың тексерудің астында қалды


АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігінің (ЮСАИД) Алматыда орналасқан Орталық Азиядағы өкілдігі соңғы бір аптаның ішінде 16 рет тексеруден өткен. Мұның себебін ЮСАИД өкілдері Қазақстан заңдарымен байланыстырады, cонымен бірге олар бұл тексерулердің саяси астары да болуы мүмкін деген пікірді жоққа шығармайды.


ЮСАИД өкілдерінің пікірінше, егер мұндай жағдай жиі қайталана беретін болса, онда Қазақстанға келемін деген инвесторлардың саны азаяды.

АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі агенттігінің Алматыда орналасқан Орталық Азиядағы өкілдігінің жетекшісі Джордж Дейкунның айтуынша, соңғы бір апта ішінде оларға кеден, салық комитеті сиякты ұйымдардан келушілер көбейіп, 16 рет тексеру жүргізген.

- Кеден және салық туралы жаңа заңдар бар. Кезінде біз осы заңдардың дүниеге келуіне ат салысқанбыз. Билік осы заңды орындағысы келіп отырған шығар, ең басты себеп осыда деп ойлаймын. Бірақ «Сорос-Қазақстан» қоры төңірігінде қалыптасып отырған жағдайды да біз жақсы білеміз. Осыған байланысты біз бас прокурормен сөйлестік. Ол өз кезегінде Қазақстан үкіметі «Сорос Қазақстан» қоры Қазақстанда жұмыс істегенін қалайды, дегенді жеткізді. Енді бұл мәселе біртіндеп дұрысталады деп ойлаймыз, - деді Джордж Дейкун.

Сонымен қатар, ЮСАИД ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігінің жетекшісі Джордж Дейкун Қазақстанда жұмыс істеп жатқан ұйымдардың тексеруге алына бастағанының саяси астары да бар деген пікірді жоққа шығармады.

- Мен үкімет өкілдеріне түсіндіргендей болдым, егер мұндай тексерулер жиі орын алатын болса, онда Қазақстанға қызығушылық танытатын инвесторлардың саны азаяды, - деді Джордж Дейкун.

Қазақстанның заң органдары өткен аптадан бастап, өзгеде халықаралық ұйымдарды тексере бастаған. Қазақстан парламентінің депутаты, «Отан» партиясының мүшесі Серік Әбдірахмановтың ойынша, халықаралық ұйымдарды тексеріп отыру керек.

- Кейбір халықаралық ұйымдардың әрекеті түсініксіз болып кетеді. Мәселен, баспасөз беттерінде Джордж Соростың пікірін жарияланған. Бұл сұхбаттарының бірінде Джордж Сорос «біздің тікелей қатысуымызбен Грузия, Украина мемлекеттерінде төңкерілістер болды, енді біздің көздегеніміз Орталық Азия» деген. Бұл көптеген ойға итермелейді, сонда Сорос қоры тәуелсіз мемлекеттердің ішкі саясатына араласады ма? - дейді ол.

Қазақстанда жұмыс істейтін халықаралық ұйымдардың тексеріле бастауын оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов та ТМД мемлекеттерінде қалыптасып отырған жағдаймен байланыстырады.

- Әр оқиғаның себебі болады. Қазір Қазақстан билігіндегі азаматтар Украина, Грузия және Қырғызстандағы жағдайға байланысты алаңдаушылығын білдіріп жатыр деп ойлаймын. Сол себептен олар бар халықаралық ұйымдардың қызметін шектесек, онда түрлі төңкеріліс болмайды, деп ойлайды. Ал, «Ақ жол» партиясының мүшесі, саясаткер Сейдахмет Құттықадамның пікірінше, бұл тексерулердің астарында президенттік сайлау жатыр, - деді Әміржан Қосанов.

Ал тағы бір саясаткер Сейдахмет Құттықадам болса халықаралық ұйымдарға жергілікті биліктің ықпалы жүрмейтіндігін айтады:

- Халықаралық ұйым өз пікірлерін ашық айтады, Қазақстан билігіндегі азаматтар олардың аузын жаба алмайды. Естеріңізде болса, билік ОБСЕ ұйымына да тиіскен. Себебі бұл ұйым өткен сайлау туралы пікірін ашық айтқан болатын.

ЮСАИД ұйымы тексеру жұмыстары сәтті аяқталып, ұйым өз жұмысын одан әрі жалғастыратын шығар деп үміттеніп отыр. Қаңтардың 27 күні ЮСАИД ұйымының Орталық Азиядағы өкілдігінің жетекшісі Джордж Дейкун өзінің 3 жылдық миссиясы аяқталғанын айтты. Джордж Дейкунның орнына оның Украинада жұмыс істеген әріптесі келмекші.
XS
SM
MD
LG