Accessibility links

Тәуелсіз бақылаушылар ТМД кеңістігінде сайлау нәтижесі бұрмаланатындығын айтады

  • Ескендір ЕРТАЙ

ТМД-дағы сайлау барысын бақылайтын қоғамдық ұйымдар таяу арада осы кеңістікте шынайы ашық сайлау өтетіндігіне шүбәлі. Бұл туралы қаңтардың 28-інде Астанада ТМД-ға мүше алты елдің тәуелсіз бақылаушыларының басқосуында айтылды.

Бейүкіметтік ұйымдардың өкілдері Армения, Украина, Қырғыз республикасы және Қазақстанда өткен сайлауларға билік жүйесінің араласып, дауыс беру нәтижесін өрескел бұрмалағанына алаңдаушылық білдірді. Бақылаушылар алдағы сайлаулардың да заң аясында өтетіндігіне күмән келтіріп отыр.

Арменияның «Сенің таңдауың» қоғамдық қозғалысының төрағасы Арутюн Арутюнян ТМД елдері бақылаушыларының сайлау комиссиялары мүшелерімен бірге дауыстарды санауы мүмкін емес деп есептейді.

- Өйткені, барлық сайлау комиссиясы деңгейінде бұрмалаушылықтар өте көп болады, - дейді ол.

Қазақстанның тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің жетекшісі Дос Көшім Қазақстанның «Сайлау туралы» заңы ТМД елдерінің бірқатарына қарағанда тәуір көрінгенімен, «оның жүзеге асырылуы қиынға соғып отырғандығын» айтады. Ал, Қазақстанның социологтары мен саясаттанушылары қауымдастығының президенті Бақытжамал Бектұрғанова болса, тәуелсіз бақылаушылардың қандай жағдайда да сайлаушылар дауысын санауға қатысуы қажеттігін ескертеді.

- Себебі, ол дауыстарды дәл есептеу азаматтық қадағалау арқылы ғана жүзеге асырылады, - дейді Бақытжамал Бектұрғанова.

Тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша жетекшісі Жарқынбек Сейтімбек сайлау комиссиясымен қатар дауыс есептеуді қоғамдық бақылаушылардың қатар жүргізуі заңда көрсеетілмегендіктен ондай тәжірибенің нәтижесі ресми түрде мойындалмайтындығын айтады. Қырғыз республикасы демократиялық қоғамдық қозғалысының Ош аймақтық бөлімшесінің директоры Еркемұрат Асанов дәл қазіргідей жүйеде ТМД елдері аумағында жүз пайыздық жариялылық жағдайында әділ, ашық сайлау өткізу мүмкін емес деп санайды.

- Бәрі де уақытымен жүзеге асырылады, - деп есептейді Еркемұрат Асанов.

Тәуелсіз бақылаушылар желісінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша бөлімшесінің жетекшісі Жарқынбек Сейтімбек алда болатын жергілікті әкімдерді сайлаудың да әкімшілдік-әміршілдік жүйе ықпалымен өтетіндігіне шүбәланбайды. Қазақстанның тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің жетекшісі Дос Көшім әкімдер сайлауының да Қазақстанда бұрынғыдай әкімшілік қысыммен өтетініне күмән келтірмейді.

- Біз қанша жерден бақылау орнатсақ та, қандай заң қабылдасақ та ел әкімдерді, ақсақалдарды тыңдап, солардың дегенімен жүретін болса - онда сайлау шынайы болмайды, - дейді Дос Көшім.

Сонымен бірге, қоғамдық бақылаушылар сайлауға қатысты заң актілерін жетілдірумен қатар қоғамдық ұйымдардың белсенділігімен ақпараттық талдау, пікірсайыстар өткізу, ағарту жұмыстарын жетілдіру арқылы да бұл істе біршама жетістіктерге жетуге болатындығын айтады.
XS
SM
MD
LG