Accessibility links

Қазақстанда 5,5 мыңнан аса адам қызылша дертіне шалдықты


Қазақстанда қызылшамен ауратындар саны күн өткен сайын көбейіп барады. Денсаулық сақтау министрлігі қазір елдегі бұл дертке шалдыққандар саны 5588 адамға жеткенін хабарлады.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі ақпан айынан бастап елде қызылша дертіне қарсы жаппай егу жұмыстарын жүргізбекші. Аурудың бұл түріне шалдыққандар саны күн сайын көбейіп барады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша, қазір елде қызылшамен ауырғандардың саны 5588 адамға жеткен.

Дәрігерлердің айтуынша, Қазақстандағы белең ала бастаған қызылша дертінің алғашқысы өткен жылдың қыркүйек айында тіркелген. Содан бері елдің барлық аймағында кең етек жайып үлгерді, мәселен, қазір бір Семей қаласының өзінде ғана аталған дертке шалдыққандардың саны мыңға жақындап қалған.

Дегенмен аймақтардағы көрсеткіштер біркелкі болмағанымен оларға қарай дерттің тарау нүктесі Алматы қаласы болып қалып отырғандығын айтады мамандар. Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік санитарлық-эпидемиялогиялық комитеті төрағасының орынбасары Альберт Асқаров 2003 жылы қызылша ауруына 24 адам шалдыққан болса, қазір 5588 адам дертті болып отыр дейді.

Ал бұл мәселе бойынша кеңірек түсінік берген Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Төлеген Іздібаев аталған дерттің кеңінен тарауына азаматтардың өз денсаулығына немқұрайлы қарауы басты себеп болғаны зерттеу барысында белгілі болғанын айтады. Сондай-ақ ол қызылша ауруының алдын-алу және оған қарсы шара ретінде ақпан айында республика бойынша егу жұмыстарын жүргізуді қолға алып отырғандарын жеткізді.

Сондай-ақ Павлодар облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемилогиялық департаментінің бөлім бастығы Зайпа Шадиева өздеріне бұл дерттің Талдықорған жағынан келгенін айтады.

Осы дерттің республикадағы ең көп тараған жері Алматы облысының мемлекеттік санитарлық-эпидемилогиялық департаментінің бөлім бастығы Салтанат Нұрғабылқызының айтуынша, қазір азаматтардың көбінің денсаулығының иммунитеті азайып кеткендіктен қызылша дерті оңай тарап отыр.

Дегенмен денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері дерттің енді-енді беті қайта бастады дейді.
XS
SM
MD
LG