Accessibility links

Қазақстан мен БҰҰ заңсыз есірткі тасымалына қарсы бірлесіп күреспек

  • Досан БАЙМОЛДА

БҰҰ-ның есірткі және қылмыс басқармасы мен Қазақстан үкіметі заңсыз есірткі тасымалы мен саудасына қарсы бірлесіп күресу жөніндегі бес түрлі жобалық құжаттарға қол қойды.

Қаңтардың 26-28 күндері аралығында Алматыда өткен Біріккен Ұлттар Ұйымы қауіпсіздік кеңесінің лаңкестікке қарсы комитетінің төртінші отырысы барысында БҰҰ-ның есірткі және қылмыс басқармасы мен Қазақстан үкіметі арасында заңсыз есірткі тасымалы мен саудасына қарсы бірлесіп күресу жөніндегі бес түрлі жобалық құжаттарға қол қойылды.

Құжаттарға Қазақстан үкіметі атынан елдің ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбеков және БҰҰ-ның есірткі және қылмыстық іс басқармасы атынан БҰҰ-ның аймақтық өкілдігінің бастығы Жеймс Каллаган қол қойды.

Жеймс Каллаганның айтуынша, заңсыз есірткі тасымалы, есірткі саудасына қарсы күресу бағытындағы бұл бес түрлі жобаның мақсаты есірткі заттарының аймаққа емін-еркін кіруіне тосқауыл қою, оған бақылау жасау және аймақтағы есірткіге деген сұранымды азайтуға бағытталып отыр.

Осы мақсатта БҰҰ-ның есірткі және қылмыс басқармасы Қазақстан ішкі істер министрлігіне 9 миллион доллардың техникалық көмегін көрсеткелі отыр. Бұлардың бірі құқық органдары саласында жедел түрдегі және басқадай ақпараттарды жинастыру, оларды талдау мәселесіне арналған.

Бұл жобаға арнап 2 миллион АҚШ доллары бөлінбекші. Ал екінші жоба Орталық Азия елдеріндегі есірткіге деген сұранымды азайту және есірткіге тәуелді ВИЧ/СПИД дертімен ауырғандарды емдеуге қатысты түрлі ақыл-кеңес беру мәселесіне арналып отыр. Бұған 400 мың доллар, ал есірткі заттарын өндіру ісіне бақылау жасайтын жобаға 5 миллион доллар бөлінбек.

Жеймс Каллаган Қазақстан ішкі істер министрлігіне есірткіге қарсы және арам ақшаны заңдастыруға қарсы күрес мәселелеріне консультативтік кеңес беретін кеңесші қызметін ашқалы отырғандығын мәлімдеген. Ал Қазақстан ішкі істер министрі Зауытбек Тұрысбеков БҰҰ-ның бұл көмегінің өте маңызды екенін айта келе, Қазақстанда әйгілі Шу бойында өсетін қарасораны бақылауға алу үшін БҰҰ тарапынан тағы да көмек сұралғандығын, бұған қанағатты жауап алғандығын айтты.

Минист Тұрысбековтың айтуынша, Шу есірткісіне деген сұраныс жылдан жылға көбейіп отырғандықтан бұл аймақты қатаң бақылауға алмаса болмайды. Қазақстан мен БҰҰ заңсыз есірткі тасымалына қарсы бірлесіп күресу туралы келіміге келіп жатқанда Семей кеденшілері Қазақстан-Ресей шекарасы арқылы 20 кг героин есірткісін алып өтпек болған Ресей азаматын қолға түсіргені туралы ақпарат тарады.
XS
SM
MD
LG