Accessibility links

Алматыда Иран елінің мәдени көрмесі өтіп жатыр

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Кейбір сарапшылар иран мәдени көрмесінің саяси астары да барын айтады. Иран дипломаты АҚШ президентінің пікірін «психологиялық соғысқа» теңеді.

Алматыдағы орталық мемлекеттік мұражайда Қазақстандағы Иран ислам республикасы елшілігінің ұйымдастыруымен Иран мәдениетіне арналған көрме ашылды. Көрме осыдан 26 жыл бұрынғы болған Ирандағы ислам төңкерісіне арналып отыр дейді шараны ұйымдастырушылар.

«Жүздеген ғасырлық тарихы бар әлемдегі ең көне мемлекеттердің бірі болып табылатын Иран елінің мәдениеті де ежелден қалыптасқан бай тарихымен ерекше, – дейді Қазақстандағы Иран ислам республикасы дипломатиялық өкілдігінің жетекшісі Ахмад Аджаллуиан. – Ежелден келе жатқан иран мәдениеті әлемдік өркениетте айрықша орын алады. Фирдоуси, Омар Хайям, Руми, Саади сияқты ұлы классиктердің туындылары жаһанға танымал. Парсы елі тек әйгілі кілемдерімен ғана емес, шыны, қыш, металл, мыс, қоладан сан алуан бұйымдар өндіру ісінде алдыңғы орында. Осындай дәстүрі бір екі ел үшін мұндай көрменің маңызы зор».

Ал жақындағы АҚШ президенті Джордж Буштың Иран турасында айтқан пікіріне орай Қазақстандағы Иран ислам республикасы дипломатиялық өкілдігінің жетекшісі Ахмад Аджаллуиан: «Өз елімізді кімнен болса да қорғай алатын мемлекетпіз. Ал Буштың әрекетін «психологиялық соғыс» ретінде қабылдап отырмыз», – деді.

Бұл ретте шығыстанушы ғалым Өтеген Күмісбаев осындай жағдайларда бұдан 26 жыл бұрынғы болған Ирандағы ислам төңкерісін еске салып, мұндай шараларды ұйымдастырудың мәдени жағымен қатар саяси салмағы да зор екендігін айтты.

Алайда мәдениеттанушы Алмекен Мұқашева мәдениетті саясаттандыру қажет емес деген пікір білдірді. Ол осы көрмеге қойылған заттардың Ирандағы ислам төңкерісінен кейінгі уақыттардан бастау алатындығының өз мәдени сыры бар екенін айтады.

Сондай-ақ, Қазақстандағы Иран ислам республикасы елшілігінің қызметкері Жүсіп Кедей көрмеге Иранның мемлекеттік рәміздері, діни-ғұрыптық бұйымдар, қолөнер шеберлері жасаған жібек кілемдер мен дастархандар, фарфор және металл бұйымдары, оюлы қобдишалар, ертедегі және қазіргі Иранның сәулет өнерін сипаттайтын суреттерден басқа Қазақстанға қатысты дүниелердің де қойылғандығын жеткізді.

Орталық мемлекеттік мұражайдағы Иран мәдениетіне арналған көрме бір аптаға созылады дейді шараны ұйымдастырушылар.
XS
SM
MD
LG