Accessibility links

Мамандар Қазақстанға заңсыз келушілер легі артып отырғанын айтады

  • Ескендір ЕРТАЙ

Ресми деректер бойынша, мемлекеттік шекарасы белгіленген соң Қазақстан аумағына кіретін көліктер саны 26 есеге, жеке тұлғалар саны 16 есеге өскен. Мамандар жасырын көші-қонның Қазақстанда есірткі бизнесінің өрістеуіне дә әсер етіп отырғанын айтады.

Ақпанның 1-інде Астанада басталған сот төрелігі және құқық тәртібі жөніндегі Қазақстан-Еуроодақ жұмыс тобының мәжілісі Қазақстандағы жасырын-көші қонға, заңсыз есірткі айналымына, терроризм және адам саудасына қарсы күреске қатысты мәселелерді талқылап жатыр. Онда Қазақстан бас прокуратурасының ұсынысы бойынша қылмыстық қудалау саласы бойынша Еуропа кеңесі конвенциясына қосылу мәселесі арнайы қаралатын болады.

Құрамында Еуропа комиссиясы сарапшыларымен қатар Еуропа одағына мүше кейбір мемлекеттердің елшілері бар мәжіліске Қазақстанның құқық қорғау саласының жетекшілері қатысып отыр. Мәжілісте баяндама жасаған Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекаралық ынтымақтастық пен инспекциясы бас басқармасының бастығы Сағат Көшековтың айтуынша, "соңғы жылдары шекаралар белгіленіп, өткізу бекеттері нығайтылған соң Қазақстан аумағына сырттан кіретін көліктер саны 26 есеге, азаматтар саны 14 есеге өскендігі" байқалып отыр.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон жөніндегі комитетінің төрағасы Жазбек Әбдиев тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанға ресми көшіп келгендер саны 374 мың адамға жеткенін хабарлады.

- Қазақстанға соңғы жылдары Шри-Ланка, Бангладеш, Шешенстан, Ауғанстаннан заңсыз келушілер еселеп көбейді. Өткен жылдың өзінде Қазақстанға 600 ауған азаматы соғыстан бой тасалап қашып келген көрінеді. Олардың барлығына босқын мәртебесі беріліп, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарына орналастырылды, - деді шенеунік.

Әділет министрлігінің халықаралық құқық басқармасының бастығы Эльвира Азимованың айтуынша, шетелден Қазақстанға келуге құштар адамдар аз емес. Олардың сыртында шетелге кетіп Қазақстанға қайта келе алмай жүргендер қатары да өсіп келеді.

- Ресми деректерге қарағанда 2003 жылы шетелде түрлі қиындықтарға ұшыраған 24 қазақстандық, өткен жылдың алты айында 16 адам қайтарылды, - дейді ол.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің нашақорлық және есірткі бизнесіне қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Мұстафин "жасырын көші-қон Қазақстанда есірткі бизнесінің өрістеуіне дә әсер етіп отырғанын" мәлімдеді.

- Бұрын 2-3 грамм героин ірі көлемдегі есірткі болып есептелсе, қазір ондаған килограмм героинмен ұсталатындар да кездеседі. Жақында Өскемен қаласы маңындағы «Ауыл» кеден бекетінен 17 килограмм героинмен Ресей азаматы ұсталды, - деді Нұрлан Мұстафин.

Әділет министрлігінің халықаралық құқық басқармасының бастығы Эльвира Азимова көптеген шет елдер мен Қазақстан арасында арнайы халықаралық шарттар болмағандықтан ондағы қиындыққа ұшыраған қазақстандықтарды қайтару қиынға түсетінін айтты.

- Соның бір мысалы Таиландта есірткіге қатысты қылмыспен тұтылған төртеудің жайы болып отыр, - деді Эльвира Азимова.

Астанадағы жиында Қазақстанның құқықтық мекемелері шетелдік ұйымдармен бірлесе отырып ішкі-сыртқы қауіпсіздікті нығайтудың халықаралық талаптарға сай жолдарын талқылап жатыр.
XS
SM
MD
LG