Accessibility links

Ұлттық қауіпсіздік комитеті “Жұма-Таймс” газетінің үстінен қылмыстық іс қозғады

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаменті ел президентінің "ар-ұждан, азаматтық беделіне нұқсан келтірді" деген айыппен оппозициялық “Жұма-Таймс” газетінің үстінен қылмыстық іс қозғады.

Қазақстандағы оппозициялық басылымдардың бірі “Жұма-Таймс” апталық газетінің құрылтайшысы “Жұмаш-Көкбөрі” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жұмаш Кенебай ақпанның бірі күні Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаментіне шақырылғанын хабарлады. Оның айтуынша, ҰҚК өкілдері газеттің өткен жылғы қараша айының 12-і күні шыққан “Кімді сайлайтынымызды білетін уақыт келді” атты мақала "ел президентінің ар-ұжданына нұқсан келтіретіндіктен басылым үстінен қылмыстық іс қозғалғандығынан" хабардар еткен.

- Осы іс бойынша нақты тергеу жұмыстары сәрсенбі күні басталатындығын айтты, - деді Жұмаш Кенебеай Азаттық радиосына.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қалалық департаментінің баспасөз хатшысы Болатбек Төлетайтегі Азаттық тілшісіне әуелгіде оппозициялық газетке қарсы "ондай істің қозғалмағандығын" айтқанымен, аталған істі бастаған тергеушінің есімін атағанымызда расымен қылмыстық істің қозғалғандығын есіне түсірді.

Бірақ та одан артық мардымды жауап алу мүмкін болмады. Ал тергеуге жауапкер ретінде шақырылып отырған басылым бас редакторының міндетін атқарушы Бақытгүл Мәкімбай "қылмыстық істің нақты нендей нәрсеге қозғалып отырғаны сәрсенбі күні белгілі болады" деген ойын айтады.

Сөз бостандығын қорғайтын “Әділ сөз” қоғамдық қорының сарапшысы Ғалия Әженова Қазақстанда ақпарат құралдарын сотқа тарту үрдісі соңғы уақытта жиілей бастағанын айтады.

“Жұма-Таймс” апталық газетінің құрылтайшысы - “Жұмаш-Көкбөрі” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жұмаш Кенебай ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қалалық департаментінің қылмыстық іс қозғаған мақалада "президенттің ар-ұжданына нұқсан келтіретіндей ештеңе жоқ" деп санайды.

“Әділ сөз” қорғау қорының сарапшылары бұл биыл Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарына қарсы қозғалған төртінші іс деп отыр.
XS
SM
MD
LG