Accessibility links

Еурокомиссия Қазақстанды коррупциямен күрес туралы конвенцияға қосылуға шақырды

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Еурокомиссия Қазақстанды коррупцияға қарсы күрес жөніндегі халықаралық конвенцияға іс жүзінде қосылуға шақырып отыр.

Бұл туралы Еуропа комиссиясының сыртқы байланыстар жөніндегі бас директораты Кавказ және Орта Азия елдері департаментінің басшысы Курт Юл ақпанның 2-і күні Астанада өткен «Қазақстан - Еуропа одағы» ынтымақтастық кеңесінің сот төрелігі және құқық тәртібі жөніндегі кіші комитетінің 3-ші мәжілісінен кейін журналистермен болған кездесуінде мәлім етті.

Сондай-ақ ол Қазақстанда алда болатын сайлаулардың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы тарапынан ешқандай сынға ұшырамай өтуінен өте үмітті екендіктерін айтты.

- Аталған мәселені талқылағанда әрдайым ілгерілеп дамудың барын және біз ойлағандай іс жүріп жатпағанын айтуға болады, - деді Курт Юл.

Сондай-ақ ол Еуропалық одақтың баспасөз, азаматтық бостандық үрдісінің, азаматтық қоғамның, сайлаудың дамуына өте мүдделі екендіктерін айтты. Курт Юлдың пікірінше, Еуропалық одақ пен Қазақстан Республикасы арасындағы пікір алмасу тиімді өткен, және ол өзара түсіністік үшін өте пайдалы. Ал, Қазақстан тарапынан аталған кіші комитетке жетекшілік еткен бас прокурордың орынбасары Мерей Уәйісов жиында қаралған өзекті және барлық халықаралық конференцияларда талқыланып келе жатқан мәселелерге тоқталды.

- Бұл - шекараны басқару, заңсыз көші-қон, заңсыз есірткі айналымы, сот жүйесін реформалау, коррупцияға және басқа мәселелерге байланысты, - деген Мерей Уәйісов аталған мәжілісте ақпараттар алмасып ғана қоймай Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынасты жетілдіруге қатысты ұсыныстар енгізетіндерін жеткізді.

Оның пікірінше, мұндай қарым-қатынас өте пайдалы және тараптар қарым-қатынасы сапалық деңгейге көтеріледі. Бас прокурор орынбасарының айтуынша, мәжіліс қарауына Қазақстан құқық мәселелері бойынша бірқатар еуропалық конвенцияларға қосылу туралы ұсыныс жасаған.

Қазақстандағы Еуропалық комиссия өкілдігінің басшысы Алан Ваддамс кіші комитет қарауына енгізілген шекараны басқару, терроризмге, есірткінің таралуына қарсы күрес маңызды мәселелер екенін атады. Сондай-ақ ол бұдан басқа да мәселелердің, яғни коррупция туралы, демократияны өрістету процесі және сот жүйесінің реформасы туралы сөз болғанын айтты.

Тараптардың айтуынша, ақпанның 1-і мен 2-і күндері өткен бұл жиында Қазақстанның құқық құрлымдары қызметінің түйінді қырларын қамтитын мәселер бойынша пікір алмасулар болған. Сот төрелігі және құқық тәртібі жөніндегі кіші комитеттің 3-ші отырысы бойынша тараптар хаттамаға қол қойды.
XS
SM
MD
LG