Accessibility links

Семей қаласының жылусыз қалар қаупі бар


Семейдегі “Жылукоммунэнерго” кәсіпорыны жұмысшыларына он айға жуық жалақыларын бермегендіктен ақпанның 1-і күні аталған мекеме жұмысшылары ереуілге шығып, жұмыс орындарын тастап кетті. Соның салдарынан қаланың жылу жүйесіне қауіп төніп отыр дейді тұрғындар.

Семейдегі жылыту қазандықтары жұмысшыларының ереуілі сейсенбі күні қала маңындағы “Восточный” кентінде болғаны туралы Азаттық радиосына аталған кент тұрғыны Алуа Сәкенқызы хабарлады.

- Семейге жылу беретін жеті қазандықтың жұмысшыларының мерзімсіз ереуілге шығуына қаладағы «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнының жұмысшыларға жалақыны кешіктіруі себеп болған, - дейді ол.

Сөйтіп, жұмысшылар наразылықтарын білдіріп, кәсіпорыннан барлық алашақтарын талап еткен. Әйткенмен әзірге нәтиже шығар емес. Барлық жеті қазандық жұмысын тоқтатқандықтан, пештердегі көмір шоқтары сөнуге айналып, әсіресе “Восточный” кентіндегі үйлерде тұратындар баспанадан жылу кете бастағандығын айтады. Алайда Семей қаласы әкімінің орынбасары Қанатжан Есентайұлы "ереуілге шыққан жұмысшылар әкімшілікпен түсіністікке келіп, қазір жағдай реттелді" деді Азаттық радиосына.

Дегенмен Семей қаласының тұрғыны Қайрат Мұсақұл қазір қаланың өзінде де жылу берілудің деңгейі төмендеп кеткенін айтады. Азаттық тілшісі осы мәселеге байланысты Семейдегі «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнына хабарласқан еді, бірақта ондағылар басшылықтың жылу қазандықтарына кеткенін, кәсіподақпен де, жұмысшылармен де байланыстыра алмайтындығын айтты.

Семей қаласы әкімінің орынбасары Қанатжан Есентайұлы болса "ереуілге шыққан жұмысшыларға кейбір саяси партиялардың белсенділері де жел беріп отыр" дейді. Бірақ "нақты қай партиялардың белсенділері жұмысшыларға қозғау салып отыр?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына Семей қаласы әкімінің орынбасары Қанатжан Есентайұлы жауап бермеді.
XS
SM
MD
LG