Accessibility links

Петропавлда театр актерлары ереуілдеп жатыр


Солтүстік Қазақстан облыстық драма театрының он бес әртісі екі аптадан бері жұмысқа шықпай отыр. Олар театр басшыларын "баспанаға қатысты берген уәделерін орындамай отыр" деп кінәлайды.

Солтүстік Қазақстан облыстық драма театры әртістері мен әкімшілік арасындағы тұрмыстық жағдайға байланысты дау-дамай өршіп барады. Театрда қызмет істейтін 15 әртістің жұмысқа шықпай ереуілдеп жатқанына екі апта болды.

Ақпанның 2-сінде мәдениет, ақпарат және спорт министрлігіне Солтүстік Қазақстан облыстық драма театрынының ұжымы атынан шағым арызды жеткізген актер Біржан Жалғаспаев бұл дауға ұжымдағы негізгі әлеуметтік мәселе - пәтер жайы себеп болып отырғандығын айтты.

Солтүстік Қазақстан облыстық драма театрының директоры, көркемдік жетекшісі Оразалы Сәрсенбек облыстың мәдениет басқармасының театрға берілген пәтерлерді бес жылда жекешелендіріп беретіндігіне сенім артып отыр. Театр ұжымының өкілі Біржан Жалғаспаев "әкімшілік тарапынан актерлерге жасалып отырған қысастықтың бір парасы - қаржыға қатысты" дейді.

Ал театр басшысы Оразалы Сәрсенбек болса, он әртіске үстеме ақы төлеп келгендігін алға тартады.

Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің өнер департаментінің бас маманы Мұрат Ерғалиев жақында осы жайлардың анық-қанығын сараптауға арнайы комиссия шығатындығын мәлімдеді.

Сонымен бірге Солтүстік Қазақстанның драма театрының 15 актері театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі Оразалы Сәрсенбекпен әрі қарай бірлесіп қызмет ете алмайтындықтарын да айтып отыр.
XS
SM
MD
LG