Accessibility links

Мұхтар Шаханов парламентте балабақша мәселесін көтерді


Мәжіліс депутаты Мұхтар Шаханов балабақша мәселесіне қатысты депутаттық сауалын жария етуді өз әріптесі Зейнолла Алшымбаевқа тапсырыпты. Үкімет басшысы Даниал Ахметовке арналған сауалда қазір елде орыс және қазақ тіліндерінде тәрбие беретін 1195 балабақшаның аздық етіп отырғаны айтылған.

Қазақстанда 1997 жылы бүлдіршіндерге қазақ тілінде тәрбие беретін балабақша саны 1100 болған болса, қазір тек сондай 335 балабақшаның қалғаны депутаттық сауалда жазылған.

- Соның біразы талан-таражға түскен. Алматы қаласының Медеу ауданына қарасты балабақшада бұрын 500 бүлдіршін тәрбиеленсе, қазір ол 120 балаға ғана есік ашады. Қалған орындар басқа мекемелерге жалға берілген. "Дәуір" баспаханасы салдырған ғимаратта бұрын 1000 бала тәрбиеленсе, қазір 120 бала ғана барады. Бұның да қалған орны басқа мақсаттарға пайдалануда. Тіпті арақ-шарап дүкеніне айналдырылғандары да бар. Талдықорған қаласында қазақ тілінде бір ғана балабақша бар дегенді теледидардан естідім. Осы мәселені үкімет қолға алғаны жөн, - деп жазады депутат Мұхтар Шаханов сауалында.

Астана қаласы білім департаменті директорының орынбасары Зәуреш Сәйсенқызы балабақша санының аздығын, жылдан-жылға қала тұрғындарының саны көбейген сайын бұл проблеманың да өзектілігі артып отырғанын мойындайды. Оның айтуынша, қалада жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің астыңғы қабаттарында шағын балабақшалар салу мәселесі енгізілмек. Сондай-ақ, 2007 жылға арналған Астана қалалық білім жүйесі туралы бағдарламаға байланысты жеті үлкен балабақша салынады.

Қазір Астана қаласында 35 балабақша жұмыс істейді. Сәбилерін балабақшаға орналастыруда қиындықтарға тап болып жүрген ата-аналар да жоқ емес. Астана қаласының тұрғыны Айтжамал есімді сұхбаттасымыз баласын балабақшаға орналастырарда қиындықтарға кезіккендіктен, балабақша таңдайтын мүмкіндік болмағанын айтады.

- Мен бір жыл жүрдім баламды балабақшаға орналастыра алмай. Кезекте көп тұрасың. Болмаған соң, жасыратын несі бар, таныс арқылы әйтеуір "Рябинка" балабақшасына орналастырдым. Орысша, қазақша деп таңдайтын мүмкіндік болмады. Негізі қазақ тілді бала бақша санының көбейгені дұрыс, - дейді Айтжамал.

Астана қаласының орталығында орналасқан "Ақ бота" балабақшасының жұмыс істеп жатқанына биыл 25 жыл толды. 280 балаға арналған бұл балабақшаға бүгінгі күні 450 бала келеді. "Ақ бота" балабақшасының психологы Ақжарқын Бәделқызының айтуынша, бұнда қазақ және орыс тілінде тәрбие беріледі.

- Бізде барлық жағдай жасалған. Ағылшын тілі үйретіледі. Музыка саласында арнайы мамандар жұмыс істейді балалармен. Дәрігерлеріміз де бар. Жалпы біздің балабақшаға ата-аналар тарапынан жоғарғы баға беріліп жатады. Бір топта 25 бала болу керек болса, бізде қазір 40 бала. Кейбір ата-аналар өздері балаларына керуеттер әкеліп қойып жатыр. Бұның бәрі қалада балабақшаның аздығынан туындап отыр, - дейді балабақша психологы.

Астана қалалық білім департаментінің мәліметтері бойынша, бүгінде қалада балабақшаға мұқтаж ата-аналардан түскен үш жарым мың өтініш жатыр.
XS
SM
MD
LG