Accessibility links

Қазақстан Ресейде 1917 жылға дейін жарық көрген 128 кітаптың көшірмесін алмақ


«Мәдени мұра» жобасына сай, осы кезге дейін Қазақстан ұлттық кітапхана қорына Қазан қаласынан 70-ке тарта, ал Қытайдың Үрімжі қаласынан 16 кітап әкелінген. Алда тағы 200-ге тарта тарихи кітап шетелден жеткізілмек.

«Мәдени мұра» жобасының 2004-2006 жылдар арасындағы жоспары бойынша, шетел кітапханаларынан қазақтар турасында жазылған деректерді жинап, Қазақстанның ұлттық кітапхана қорында сақтау көзделген. Бүгіннің өзінде онда Қазан қаласынан 70-ке тарта, ал Қытайдан 16 кітап жеткізілген.

Петербор қаласынан кейін сол елде тұратын мұсылман халқы үшін араб әріптерімен жазылған кітаптарды басып шығаратын Қазан қаласында екінші баспахана құрылған болатын. Сондықтан қазақ ақын-жазушыларының кітаптары осы жерде жарық көріп отырған.

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама аясындағы алғашқы ғылыми- іздеу экспедициясы Қазан қаласына ат басын тіреді. Сол жерден бүгінгі таңда Қазақстанда жоқ 70-ке жуық кітаптардың көшірмесі алып келінді. Ол басылымдарда қазақтардың мәдениеті мен тарихы турасында маңызды ақпарттар жазылған.

Қазақстан ұлттық кітапханасының деректерді сақтау орталығының директоры Зарема Шаймарданова осы әкелінген кітаптар әр жылдары басып шығарылғанын айтып отыр.

- Мәселен, біздің қорда Ахмет Байтұрсыновтың 1907 жылғы кітабы бар. Ал ол жерде Байтұрсыновтың 1911 жылы жарық көрген кітабы бар екен. Біз сол басылымның көшірмесін алып келдік. Сондай-ақ, 1898-1907 жылдар аралығында жарық көрген Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, сонымен қатар Қожа Ахмет Яссауи туындыларының көшірмелері әкелінді, - деді ол.

Деректерді сақтау орталығының директоры Зарема Шаймарданованың сөзіне қарағанда, биылғы наурыз айының 15-іне дейін тағы 60-тан аса басылым келуі тиіс.

- Бұл кітаптар қазақ авторларының туындылары. Сонымен бірге, барлық түркі тілдес халықтың тарихы мен әдебиетіне қатысты маңызды басылымдар да бар. Олар мысалы, 1865 жылы жарық көрген «Алты бармақ», араб авторы ар-Рабгузидің «Қисса-әл-Анбиясы», сондай-ақ софы Алаярдың өлеңдер жинағы, - дейді Зарема Шаймарданова.

Осы ретте айта кету керек, ғылыми-іздеу экспедициясы Үрімжі қаласындағы автономиялық аудандық кітапханасынан 16 кітап алып келген екен. Деректерді сақтау бөлімінің бас маманы Роза Бабалықова Үрімжі қаласынан әкелінген басылымдарда сонау ХV ғасырдан бастап жазылған тарихи деректер бар дегенді айтып отыр. Сондай-ақ Роза Бабалықова басқа да маңызды басылымдардың түпнұсқа даналары жеткізілгенін айтты.

- Түпнұсқа қолымызда болғаны жақсы, дегенмен оның өзі біраз жұмысты қажет етпек, - дейді ол.

«Мәдени мұра» бағдарламасының жанындағы ғылыми-іздеу экспедициясының ендігі көздегені Батыс Еуропа кітапханалары болып отыр. Деректерді сақтау бөлімінің директоры Замира Шаймарданованың сөзіне қарағанда, жұмыстың жемісті болуы оған бөлінетін қаржы көлеміне тәуелді. Шетел қорларынан іздестіріп, жинап алып осында жеткізілген рухани дүниелер негізінен қытай немесе төте жазумен жазылған. Алда оны аударып, жеке кітап қылып шығару міндеті тұр.
XS
SM
MD
LG