Accessibility links

Қазақстанның оңтүстігінде үлкен жолдар жабылып қалды

  • Ескендір ЕРТАЙ

Жамбыл облысында бірнеше тәулік бойы толассыз қар жауып тұр. Кей жерлерде қалыңдығы екі метрге, аяз 25-30 градусқа дейін жетіп, жол қатынасы тоқтады.

Ақпанның 3-інде Тараз қаласының ішінде де, сыртқы жолдарда да көлік қозғалысы толық тоқтатылған. Облыс халқы төтенше жағдайда өмір сүріп жатыр. Бұл ахуал оншақты күнге созылады деген болжам бар.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы Мейрам Базарұлының айтуынша, Күйік асуы өткел бермей тұр. Онда тоғыз автобус кептеліп қалған.

- Таңертең қала бойынша автокөліктер түгелдей тоқтап қалғандығын айтады. Жылу, байланыс, жарық тоқталысыз беріліп жатыр. Қазір халықаралық Ташкент-Алматы күре жолы, Қордай-Күйік асулары жабылды. Жолаушылар кейін қайтарылып жатыр,- деді Мейрам Базарұлы Азаттық радиосына.

Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз хатшысы Қайрат Тарыбаевтың айтуынша, таяуда ауа райының күрт бұзылатындығы Жамбыл облысының басшылығына алдын ала хабарланған. Ол ақпанның 2-сінен бастап Жамбыл облысы аумағында төтенше жағдай жарияланғандығын, соған орай уақиғаның барысын министрлік бақылауда ұстап отырғандығын хабарлады.

Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметкері Қайрат Тарыбаев Жамбыл облысы аумағындағы қарлы боранның таяу арада бәсеңсімейтіндігін айтып отыр. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Мейрам Базарұлының айтуынша, оңтүстік өңірде қардың өте мол түсуі 1969, 1993, яғни тауық жылдары орын алған көрінеді.

Сонымен Тараз қаласының оқушылары дүйсенбіге дейін сабаққа бармайды. Қаланың барлық мекемелерінің қызметкерлері қар аршуға жұмылдырылған. Әскери құрылымдармен қоса екі жүзден астам техника жол бойында қар тазалауда.
XS
SM
MD
LG