Accessibility links

Баспасөзге шолу. 3 ақпан 2005 жыл.


“Әділетті Қазақстан үшін” жалпыхалықтық қозғалыстың құрылатындығын хабарлаған “Сөз” басылымында жарық көрген мақалада парламент сайлауынан кейін биліктің демократиялық ұйымдар мен сөз бостандығына жасалатын қысымды күшейтіп жібергендігі айтылыпты.

“Қазақстандағы демократиялық күштерді үйлестіру” кеңесінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясын жабу, басқа оппозициялық партияларды ыдыратуға күш салу, тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистерге қарсы қылмыстық істердің қозғала бастауы – биліктің алдағы президент сайлауының алдында саяси алаңды тазартуға кіріскендігін аңғартады.

Сондай-ақ “Сөз” басылымы “Әділетті Қазақстан үшін” атты жалпыхалықтық қозғалысын құру комитетінің басшысы болып “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Болат Әбіловтың сайланғандығын хабарлапты. Болат Әбілов “Жас Алаш” газетіне берген сұхбатында “Ақ жол” демократиялық партиясы бөлініп кетеді деген сөздердің шындыққа үйлеспейтіндігін тілге тиек етіпті.

Болат Әбілов биліктің коммунистердің арасына жік салып, ақыры оны екіге бөліп тынған әрекетін “Ақ жол” партиясына байланысты жүзеге асыра алмайтындығына сенімді екен. Алайда Болат Әбілов өткен парламент сайлауында халықтың 35-40 проценті “Ақ жол” партиясына дауыс бергендіктен, биліктің бұл партияның арасына іріткі салып, ыдыратуға күш салатындығын жасыруға болмайтындығын да атап өтіпті.

Сондай-ақ Болат Әбілов “Жас Алаш” газетіне берген сұхбатында сенбі күні өткен “Ақ жол” партиясының құрылтайына келуге тиіс делегаттарға билік тарапынан кедергілердің болғандығын, сол себептен біраз делегаттардың құрылтайға қатыса алмағандығын баяндапты.

“Қазақстандағы демократиялық күштерді үйлестіру” кеңесінің төрағасы Жармахан Тұяқбай “Жас Алаш” газетіне берген сұхбатында “Ақ жол” партиясын басқарып отырған азаматтардың демократиялық құндылықтарға берілген тұлғалар екендігін айта келіп, билік тарапынан олардың арасындағы сәл де болса ерекшеліктерді өршітіп, оны ерекшелік емес өшпенділікке ауыстыру саясатының жүргізіліп жатқандығын айтып өтіпті. Жармахан Тұяқбай "егер де алдағы президент сайлауы парламент сайлауындағыдай әділетсіз өтсе, ел-жұрт болып ол президентті заңды президент ретінде мойындамауымыз керек, дүние жүзіндегі өркениетті демократиялық елдер оған қарсы тұрып, тиісті санкциялар жіберсе, ол президенттің қызметтегі өмірі ұзаққа созылмайды" деген ойын білдіріпті.

“Литер” басылымында жарық көрген Айман Тынышбаеваның талдау мақаласында “Әділетті Қазақстан үшін” атты жалпыхалықтық қозғалыстың құрылуы “Ақ жол” партиясының арасында өзара келіспеушіліктің бар екендігін айғақтайды деген қорытынды жасалыныпты. Мақала авторының айтуынша, келешекте “Ақ жол” партиясы да жабылып қалып, оның басшылары жаңадан құрылған қозғалыстың қатарын толықтырады.

Мақалада келтірілген сараптамаға сүйенсек, соңғы болып жатқан оқиғалардан кейін “ақжолдықтарға” саясаттан кетуге немесе көпшілікке бағынуға тура келеді. “Время”, “Азат” және “Сөз” басылымдары 29 қаңтар күні “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясы Алматыда көп адам қатысқан жиын өткізіп, "партияны жаппақ болып отырған биліктің бұл іс-әрекеті диктатураға барар бірден-бір жол деп танитындығын" білдіргендігін хабарлапты.

Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясын қолдауға келген мыңдаған адам "партияны жабуға жол бермейміз, қала көшелерімен жүріп өтеміз, билікке өз қарсылығымызды білдіреміз" деген кезде, полиция шабуылына ұшырап көп адам зардап шеккен. Тоғыз адам тұтқынға түсіп, оның жетеуі сол күні 2 тәуліктен 7 тәулікке дейін түрме жазасын алған.

Сондай-ақ “Азат” газетінде осы жиынға мыңдаған адамдардың келгендігі көрсетілген көптеген фотосуреттер де жарияланыпты. “Сөз” газеті болса “Қазақстанның демократиялық таңдауы” халықтық партиясының жабылуына қарсылық білдірген жиынның қалай өткендігін егжей-тегжейлі баяндапты. Мақала авторының айтуынша, далада қақаған аяз болғанына қарамастан бұл жиынға екі мыңға жуық адам келген.

Жиынға келгендердің алдында “Қазақстанның демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесінің” төрағасы Жармахан Тұяқбай, “Ақ жол” партиясының тең төрағалары Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілов және Қазақстан коммунистік партиясы хатшысы Төлен Тоқтасынов, құқық қорғаушы Евгений Жовтис сөз сөйлеген. Сондай-ақ осы жиынға Украинадағы мақпал төңкерістің көшбасшыларының бірі болған Андрей Гусак келіп, партия мүшелерін жеңіспен құттықтаған.

Жиналғандардың алдында сөз сөйлегендердің арасында желтоқсан қаһарманы Әркен Уақтың жесірі Тоқтар Рахметова да болған. Газет тілшісінің хабарлауынша, Тоқтар Рахметова жиынға келгендерді Республика алаңына шейін бейбіт шеру жасауға шақырған. Ол кісінің ұсынысын қолдаған мыңдаған адамдар Республика алаңына бет алған кезде, полицейлер оларды екі жақтан қоршауға алып, наразылық білдірушілер ешқайда шыға алмай қалған.
XS
SM
MD
LG