Accessibility links

Заманбек Нұрқаділов: «Қазақстанның кейбір басшыларына қатысты әшкерелеу құжаттарды шетел банктеріне тықтым»


Ақпанның 3-іне қараған түні Еуропа сапарынан Қазақстанға оралған Заманбек Нұрқаділов ұшақтан түскен бетте Алматы әуежайында баспасөз құралдары үшін брифинг өткізді. Ол бұл сапары кезінде шетелдегі бірқатар қазақстандық оппозиция өкілдерімен, шетелдік саясаткерлермен кездескенін айтты.

Заманбек Нұрқаділов осы жолы Қазақстандағы коррупциямен күрес жүргізуді көздейтін халықаралық қоғамдық комиссия құрғанын айтып, енді осы комиссияның төрағасы ретінде белсенді жұмыстарға кірісетінін хабарлады. Ол Алматы әуежайында тілшілердің шағын тобына бұл жолғы сапары мен оның қортындысы туралы қысқаша баяндап берді.

- Бұл сапардан былтырдан бері өзім көтеріп жүрген мәселе – Қазақстанда жоғары биліктегі коррупцияны әшкерелейтін қоғамдық комиссияны құрып оралып отырмын. Оны Германияда тіркетіп, сол елдегі бір банкте осы комиссияның есеп-шотын да ашып қойдық. Ырым болсын деп ол есеп-шотқа 777 еуро салып қойдым, - деді Заманбек Нұрқаділов.

Оның айтуынша, жаңадан құрылған комиссияның құрамына қазірде шетелде жүрген қазақстандық оппозиция өкілдері, кейбір журналистер еніпті. Бұл сапарында Заманбек Нұрқаділов шетелде қуғында жүрген бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдинмен кездесіпті. Атап өтер бір жайт, 1990 жылдардың ортасында парламент депутаты болған шақта Заманбек Нұрқаділов сол кезде үкімет басқарып отырған Әкежан Қажыгелдинді "Қазақстанның сүбелі кәсіпорындарын тым арзан бағаға шетелдіктерге беріп жіберді" деп қатты сынайтын. Ал қазіргі сөзіне қарағанда Нұрқаділовке бұл жолы Қажыгелдин басқаша қырынан көрініпті.

- Мен оған: «Әкежан, сен президент болуға лайық адамсың, елде әділ сайлау өтіп, оған өзіңді ұсынғанда мен сені қолдар едім» деп айттым, - деді Заманбек Нұрқаділов.

Бұдан өзге Нұрқаділов Қазақстанда билікте отырғандардың күмәнді істерін әшкерелейтін бірталай құжаттарды алып шығып, шетелде банктерге салып қойғанын айтты.

- Олардың барлығын алып барып, төрт қаладағы төрт банкке сақтауға салып, сенімді адамдарға сенімхат жазып тапсырып кеттім, - деді Заманбек Нұрқаділов.

Оның айтуынша, өзі басқаратын жаңа комиссияның жұмысы қазірде АҚШ-та тергеуі жүріп жатқан «Қазақгейт» ісіне қатысты шаруалармен басталмақ.

- Біз ол сотқа Қазақстаннан қоғамдық айыптаушы ретінде қатысу үшін баруды жоспарлап отырмыз, - дейді Заманбек Нұрқаділов.

Қазақстан парламентінің депутаты Ерасыл Әбілқасымов «Қазақгейт» шатағы - мұхиттың ар жағында Қазақстанға қарсы қолдан жасалған іс» деп санайды.

- Бізді өзіне бағындыру үшін «Қазақгейтті» қолдан жасап, қоздырып отырған АҚШ және оның орталық барлау басқармасы, - деді депутат Ерасыл Әбілқасымов.

Ал жемқорлық мәселесін зерттейтін «Транспаренси-Қазақстан» қоғамдық ұйымының өкілі Сергей Злотников қоғамда коррупцияны ауыздықтауды мақсат тұтқан жаңа ұйымның құрылуын қолдау білдіреді, «бірақ ол саясаттың ықпалында кетпеуі керек» деп ескертеді.

Парламенттің тағы бір депутаты Серік Әбдірахманов «бұл жерде Заманбек Нұрқаділовтың көздегені - саяси ұпай жинау» деп санайды.

- Коррупциямен күресетін болса оның мүмкіндігі болды ғой кезінде Заманбекке, енді бәрінен қағылған соң келіп, осы тақырыпты қаузап жүр. Егер Заманбек демократ болса «Қазақгейт» ісіне бағаны тек сот шешімінен кейін ғана беруге болатынын білуі керек. Ал алдын-ала байбалам салу - бұл істі саясаттандырып, ұпай жинау деген сөз, - дейді депутат Серік Әбдірахманов.

Қазақстанда мұнайдан түскен, алайда шетел банктеріне жасырын тығылған қаржыны Қазақстан халқына қайтаруды мақсат еткен қоғамдық қор осыдан үш жыл бұрын құрылған болатын. «Халықтық мұнай қоры» деп аталатын сол қоғамдық қордың жетекшісі болған композитор Шәміл Әбілтай Нұрқаділов көтеріп отырған іске қолдау танытады.

- Қазір біреу-біреуге өкпе артатын заман емес, осы істе Нұрқаділовті қолдауымыз керек, сөйтіп түбінде мұнайдан түскен әлгі ұрлық ақшаны халықтың өзіне қайтаруымыз керек, - деді Шәміл Әбілтай.

Алматы әуежайындағы брифинг кезінде Заманбек Нұрқаділов осы ақпан айының ішінде Еуропарламентке өзінің шақыру алып отырғанын хабарлады.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG