Accessibility links

Түрмедегілер арасында суретшілер мен қолөнер бұйымын жасауға бейімділер көбеюде

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қазақстан қылмыстық атқару жүйесі мамандары түрмеде жазасын өтеп жатқандар арасында сурет салуға, қолөнерге жақын адамдар қатары жылдан-жылға артып отырғанын айтады.

Астанада жыл сайын өтетін «Үміт» республикалық көрмесінің байқауы сотталғандар қолынан шыққан өнер туындыларын сарапқа салып, үздіктерді ынталандырып отыруды дәстүрге айналдырған. Жамбыл облысындағы түзеу мекемелерінің бірінде жазасын өтеп жатқан Бекбол Рахманбердиевтің «Дос келбеті» деп аталатын суреті үздіктер қатарынан табылған. Бекбол бұл суретін Семей өңірінің азаматы, қазіргі уақытта Алматыда тұрып жатқан досына арнапты.

Қазақстан республикасы әділет министрлігінің қылмыстық атқару жүйесі комитетінің тәрбие жұмысы басқармасының бас маманы Бейсен Рахиннің айтуынша, «Үміт» республикалық көрмесі байқауына 199 сотталушының қолынан шыққан өнер туындылары мен бұйымдар қойылған. Олардың 117-сі суреттер, ал 142-сі қолданбалы өнер бұйымдары болған.

Бейсен Рахин «Үміт» республикалық көрмесі байқауына өткізудегі мақсат – тәрбие жұмыстарын жүргізудің бір түрі екендігін айтады. Сондай-ақ ол сотталғандар арасында сурет салуға, колөнер бұйымдарын жасауға ықыласты жандар көбейіп отыр дейді.

Ал, аталған көрме байқауында қазылар алқасының мүшесі болған "Қазіргі заманғы өнер мұражайының" директоры Нелла Шиврина 2000 жылдан бері өткізіліп келе жатқан «Үміт» көрме байқауына мұражай тарапынан қолдау жасалып отырғанын айтты.

- Сотталушылар салған суреттер мен бұйымдар көрермен назарын айрықша аударады. Өйткені, ол суреттерден бас бостандығынан айырылған жанның өкінішін, өнер арқылы тазарғысыз келетінін көруге болады, - дейді Нелла Шиврина.

Оның пікірінше, мұндай тазару жолын таңдаған адамдар оң жолға түседі. Егер бір-екі адам дұрыс жолға түссе байқау міндетінің орындалғаны дейді мұражай директоры.

Қылмыстық атқару жүйесінің Жамбыл облысы бойынша басқармасының бастығы Серік Ахметов "сотталғандар арасында суретке, қолөнерге икемі бар адамдарға жағдай жасалып отыр" дейді.

Сотталғандар қолынан шыққан туындылар қарттар үйлеріне, балабақша, мектептерге таратылмақ.
XS
SM
MD
LG