Accessibility links

Алматыда Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың интеграциялық кoмитетінің отырысы өтті

  • Досан БАЙМОЛДА

Ақпанның 4-і Алматыда өткен Еуразиялық экономикалық қауымдастығының интеграциялық комитетінің 22-ші отырысына Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь және Тәжікстан үкіметтері басшыларының орынбасарлары қатысты.

Отырысты Еуразиялық экономикалық қауымдастығы интеграциялық комитетінің төрағасы, Қазақстан үкіметі жетекшісінің орынбасары Сауат Мыңбаев ашып, күн тәртібінде бес мемлекеттің интеграциялық қарым қатынасын одан әрі тереңдетуге бағытталған 26 түрлі мәселенің қаралатындығын мәлімдеді. Бұлардың ішінде қауымдастыққа мүше мемлекеттердің өз арасында инвестицияны ынталандыру және қорғау, отын-энергетикалық тепе-теңдігін қалыптастыруға бағытталған келісім жобасы, шекара мекемелердің өзара ықпалдастығы туралы келісімдер жобасы талқыланған.

Отырыс барысында, қауымдастықтың бас хатшысы Григорий Рапота интеграциялық комитеттің 21-ші отырысының шешімдері қалай орындалғандығы жөнінде сөз алды. Оның айтуынша, шешімдердің көбі орындалған. Солардың ішінде 6 түрлі мәселе үкімет басшылары деңгейінде қайта сөйлесілетін болған.

Бұлар – қауымдастыққа мүше елдердің техникалық регламенттерінің негіздемелері жөніндегі келісім, сондай-ақ қаржы-валюта саласында интеграцияға бару мәселесі, мүше мемлекеттер арасындағы көлік транспорт коридорын дамыту мәселесі болмақ.

Рапотаның айтуынша, тағы екі түрлі құжат - ол мүше елдердің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру концепциясы мен кедендік және салық жөніндегі келісімге өзгертулер енгізу жөнінде құжат көрінеді.

Қауымдастықтың бас хатшысы Григорий Рапотаның айтуынша, бүгінге дейін Еуразиялық экономикалық қауымдастық шеңберінде 73 халықаралық келісім қабылданған. Оның 63-і өз күшіне енген болса, қалған 10 түрлі келісім түрлі себептерден іске аспай отыр.

Алматы отырысына қатысушылар жабық есік жағдайында өткен мәжіліс қортындысында отын-энергетикалық тепе-теңдікті қалыптастыруға бағытталған келісім жобасынан басқа мәселерге келіскен.
XS
SM
MD
LG