Accessibility links

Ақсу ферроқорытпа зауытының жүздеген жұмысшысы жатақханасыз қалуы мүмкін

  • Ескендір ЕРТАЙ

Павлодар облысындағы Ақсу қаласының ферроқорытпа зауытының жатақханасы қаланың иелігіне өтетіндіктен 100 шақты жұмысшының отбасылары бір айдың ішінде жатахананы босатуға тиіс.

Баспанасыз қалу қаупі төнген жұмысшылар отбасылары ақпанның 7-сінде наразылық акциясын өткізді. «Қазхром» трансұлттық компаниясына қарасты Ақсу ферроқорытпа зауытының кәсіподақ комитетінің төрағасы Николай Сухотериннің айтуынша, 220 адам тұратын бес қабатты жатақхана алдында өткен наразылық акциясына қатысушылар қала әкімінің орынбасары Павел Иванков, зауыттың вице-президенті Үсен Құсайынов және басқа да жауапты қызметкерлермен кездескен.

- Қауымдастық басшылығының бұл қадамы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мегахолдингтерді ықшамдау туралы тапсырмасынан туындап отыр, - деді ондаған тау-кен кәсіпорындары кіретін Еуразия өнеркәсіпшілері қауымдастығының баспасөз хатшысы Жарқынбек Әлімбетов.

Павлодар облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Серікбай Әлібаев кезінде көптеген әлеуметтік тұрмыстық нысандар шетел компанияларына тегін берілгенін айтады.

- Сондықтан зауыт осы жатақхананы өз жұмысшыларына тегін беріп, дау-дамайға нүкте қоюға тиіс, - дейді Серікбай Әлібаев.

Еуразия өнеркәсіпшілері қауымдастығының баспасөз хатшысы Жарқынбек Әлімбетовтің пікірінше, жұмысшылардың жатақхананы зауыт қаржысына ұстап тұру қажет деген талабы орынсыз.

- Дауды реттеудің бірден-бір жолы - жұмысшылардың өз пәтерлерін сатып алуына мүмкіндік беретіндей шешім шығарған жөн. Өйткені, Павлодарда және басқа да қалаларда солай жасалып жатыр, - дейді Ақсу ферроқорытпа зауытының кәсіподақ комитетінің төрағасы Николай Сухотерин.

Павлодар облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Серікбай Әлібаевтың ойынша, қала иелігіне өткен жағдайда, бұл жатақхананың сатылып кетуі мүмкін. Қазақстан кәсіподақтары федерациясы тау-кен кәсіпорындары кәсіподағының төрағасы Қайдауыл Шүменовтің айтуынша, даулы мәселе федерация назарында.

Бірақ әзірге Ақсу ферроқорытпа зауытының жұмысшылары мен қала әкімшілігі, зауыт басшылығы ортақ шешімге келудің жолын таба алмай отыр. Зауыт кәсіподақ комитетінің төрағасы Николай Сухотериннің айтуынша, қала басшылығы жылу беру маусымы аяқталмай жұмысшыларды жатақханадан шығаруға қақысы жоқ.

- Ал зауыт әкімшілігі еңбек келісім шартында көрсетілмесе де өз жұмысшысының жағдайы жайлы болуын қарастырғаны жөн, - дейді ол.
XS
SM
MD
LG