Accessibility links

Қазақстанның 119 азаматы халықаралық қылмыстық іздеуде жүр

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қазақстан ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция департаментінің бастығы Сұлтан Күсетовтың айтуынша, ел аумағында қылмыс жасағандардың көбісі шетелде жасырынып жүр. Қазіргі уақытта үш жарым мыңнан аса адамға іздеу салыныпты.

Қазақстан республикасы ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция департаментінің бастығы Сұлтан Күсетовтің айтуынша, арнайы жүргізілген «Іздестіру» операциясының барысында 348 қылмыскер ұсталған.

- Олардың 95-і «өткен жылдары» іздеу жарияланғандар. 15-і - қарақшылық шабуыл, 8-і - адам өлтіргендер, - дейді Сұлтан Құсетов.

Ішкі істер органдарының қызметкерлері бұл операцияны атқаруда алыс және жақын шет елдердің құқық органдарымен өзара қарым-қатынаста болыпты. Қазақстан полицейлері қылмыскерлерді іздестіру, жедел ақпараттар алмасу және құқықтық көмек көрсету барысында Интерпол арқылы ғана емес, сонымен бірге халықаралық ынтымақтастық басқармасы арқылы да өзара қарым-қатынас жүргізіп отырғанын айтады криминалдық полиция департаментінің бастығы Сұлтан Күсетов.

Сондай-ақ ол Германияның Орталық Азиядағы криминалдық полиция федералдық ведомство өкілдігі Қазақстан республикасының ішкі істер министрлігіне сұрау салып Германияда қылмыс жасап, Қазақстан аумағында жасырынып жүрген Германия азаматын ұстап беруге көмек көрсетуді өтініш еткені туралы айтып берді.

- Іздеу салынған адам туралы мәлімет өте аз болды, тек ол адамның Қазақстан көлемінде пайдаланған телефон нөмірі ғана белгілі болды. Өзара тығыз қарым-қатынастың арқасында ол адам Жамбыл облысында ұсталды және ол адам қолға түскен кезде өзінің Германия азаматы екенін, 2002 жылы Германияның Швайнфрут қаласында кісі өлтіріп, Жамбыл облысы аумағында өз туыстарында жасырынғанын мойындады. Ол Қазақстан азаматтығын алуға ниеттенген, - дейді Сұлтан Құсетов.

Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Александр Сатин Қазақстанда телекоммуникация саласы технологияларының ілгерлеуімен осы салада жасалатын қылмыстардың да дамып отырғанын айтады. 2003 жылдың қазан айында криминалдық полиция департаментінің басқармасына белгісіз біреулердің электрондық төлем жүйесін қолдану барысында алаяқтықпен «Наша компания» футбол клубы мекемесінен 3,5 миллион теңгені тонап кеткені жөнінде осы футбол клубы мекемесі директорынын арыз түскен.

Александр Сатин бұл қылмыс түрін ашуда шетелдерде қолданылатын әдісті пайдаланғандарын айтады.

- Іздестіру нәтижесі толықтай дәлелденіп, қылмыскер 7 жылға бас бостандығынан айыруға жазаланды, - дейді ол.

Криминалдық полиция департаментінің бастығы Сұлтан Күсетов Қазақстан аумағында қылмыс жасап, елден тыс жерлерде жасырынып жүргендердің нақты қанша екенін айтуды қиынсынады, алайда, шекараның ашықтығынан оны кесіп өту аса қиындық туғызбайтындығын айтады. Қылмыскерлердің көбісі елден тыс жерде жүр дейді ол.

Ал ішкі істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Мүсілім Молғаджаров өткен жылы 165 қылмыскер халықаралық іздестіруде болса, биылғы жыл басынан бері ондайлардың саны – 119 деп отыр.
XS
SM
MD
LG