Accessibility links

АҚШ үкіметі Орталық Азия елдеріндегі бизнес, сауда-саттықты дамытуға көңіл бөлмекші


Қазақстан 1991 жылы өз тәуелсіздігін алғаннан бері АҚШ Қазақстан экономикасына 9 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Бұл осы уақыт ішінде ел экономикасына құйылған барлық шетелдік инвестиция көлемінің - 27 миллиард доллардың үштен бір бөлігі.

Ақпанның 7-сі Алматыда АҚШ-тың сауда департаменті, Қазақстандағы америкалық сауда палатасы және БИСНИС, яғни АҚШ үкіметінің ТМД елдерінде бизнес істеп жатқан американдық компаниялар мен фирмаларға ақпараттық қолдау көрсететін орталығы бірлесіп «Орталық Азияны бизнес тұрғысынан зерттеу және ықпалдасу мүмкіндіктері» деген тақырыпта халықаралық жиын өткізді. Оған Қазақстан, Қырғызтан, Өзбекстан және Тәжікстанда бизнес саласында жұмыс істеп жатқан америкалық компаниялардың және қазақстандық бизнестің өкілдері қатысып өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Аталмыш тақырыпқа байланысты АҚШ-тың сауда департаменті мен мемлекеттік департаментінің өкілдері, сондай-ақ Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Азиялық даму банкінің Қазақстандағы өкілдіктерінің жетекшілері арнайы баяндамалар жасады.

АҚШ сауда департаментінің БИЗНИС бағдарламасының Қазақстандағы өкілі Светлана Воронинаның айтуынша, АҚШ үкіметі ұсынып отырған жоба, бағдарламалар Орталық Азия аймағында қолайлы инвестициялық жағдайды туғызуға, бизнес сауда саттықты дамытуға бағытталып отыр. Бұл Орталық Азия мемлекеттерінде жүргізіліп жатқан нарық реформасының алға қарай басуына, елдегі саяси, экономикалық жағдайдың түзелуіне оңды әсер етпек.

Бүгінгі күні Қазақстанда АҚШ-тың 374 компания-фирмалары өз капиталдарымен жұмыс істеп жатыр. Ал 91 компания Қазақстанда өз өкілдігін ашып отыр. Бүгінгі күні АҚШ Қазақстан үшін ең үлкен инвестор ел болып табылады. Қазақстан 1991 жылы өз тәуелсіздігін алғаннан бері АҚШ Қазақстан экономикасына 9 миллиард доллардан астам инвестиция салған. Бұл осы уақыт ішінде Қазақстан экономикасына шетелдік инвесторлар тарапынан кірген барлық инвестиция көлемінің - 27 миллиард доллардың үштен бір бөлігі.

Жиынға қатысқан қазақстандық іскер әйелдер одағының тең төрайымы Айгүл Соловьеваның айтуынша, қазақстандық шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері үшін АҚШ үкіметі ұсынып отырған көмек жобалары мен бағдарламаларды біліп отырған дұрыс.

- Өйткені бұл көмектерді алу алғышарттары жыл сайын өзгеріп тұрады. Сондықтан да осындай арнайы жиындарда тиісті ақпараттарды ала аласың, сондықтан да Алматыда өтіп жатқан бұл жиынның маңыздылығы осында, - дейді ол.
XS
SM
MD
LG