Accessibility links

Алматыда темекіге қарсы күрес апталығы жарияланды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Алматыда темекіге қарсы басталған апталық барысында “Темекі шегуді шектеу және сауықтыру” туралы заңның орындалуы зерттелмек.

Салауатты өмір салтын қалыптастыру ұлттық орталығы темекіге қарсы күрес коалициясының жетекшісі Талапқали Бізмұхамедов темекіге қарсы күрес және оны шектеу туралы заңның орындалу барысын зерттеу үшін арнайы шараға Алматы қалалық мәслихатының депутаттары мен арнайы мамандар жұмылдырылып, қаланың аудандарында зерттеу жүргізіп жатқанын айтады.

- 15 миллион халқы бар Қазақстан тұрғындарының 4 миллионы, яғни ер адамдардың 60, ал әйелдердің 15 пайызы темекіге тәуелді. Қалалық мәслихат депутаттары өз округтарында осы мәселені зерттеп жатыр. 2003 жылы қабылданған темекіге қарсы заңның орындалуы өз дегейінде болмай отыр. Оған көше сауда жасайтындардың темекіні талдап сатуы дәлел. Алдымен осыған тосқауыл қоюымыз керек. Темекінің түтіні шылым тартпайтын адамдардың 40 пайызының денсаулығын бұзады екен, - дейді ол.

Алматының көше қиылысында ұсақ заттар сататын саудагер екі жылдан бері тұрақты түрде темекі сатып келе жатқанын жасырмайды.

- “Қазақстан” сигаретінің бір талы - 2 теңге, “Соверен” - 3 теңге. Темекі сатуға тыйым салынады деген заңның бар екендігін білмеппін. Осы жолдың бойында тұрған соң жеке азаматтарға, мектеп оқушыларына сатамын. 18 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынғанын білемін. Бірақ маған күн көру керек. Бала-шағама нан тауып беруім керек. Алдыма кім келеді, мен соған сатамын. Оның жасын сұрамаймын. Санасы бар бала болса өзі де жоламайды, - көше саудагері.

Алматы көшелерінде қарапайым жұртшылық бұл мәселеге қатысты әртүрлі пікір білдіреді.

- Темекі тартқаныма 12 жыл болды. Күніне бір жарым қорап тартып қоямын. Зиян, бірақ не істейміз?

- 8-класта оқып жүргенде жәй әуесқойлықпен бастағанбыз. Келе-келе әдет болып кетті. Күніне бір қорап тартамын.

- Мен темекі шекпеймін. Әкем мен темекі шекпесін деп екі жылдан бері темекісін тастады. Балаларға қазір ашық көшеде темекі сата береді. Бірақ менің достарым тартпайды. Темекіге қарсы күресу үшін жастарға түрлі үйірмелер ұйымдастырылып, спортпен айналысуға жағдай жасалу керек.

- Жастардың темекіге деген құмарлығы үлкен. Қайда барсаң қыз-жігіттер темекі тартып тұрады. Қалай күресу керек екендігін тіпті білмеймін.
XS
SM
MD
LG