Accessibility links

Баспасөзге шолу. 8 ақпан 2005 жыл.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Мерзімді басылымдар төтенше жағдай жарияланған Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы күрделі ахуалға айрықша назар аударыпты. Кейбір басылымдар Оңтүстік Қазақстан облысында да су тасқыны болуы ықтимал деген болжам жасапты.

“Егемен Қазақстан” басылымының бірінші бетінде жарық көрген Көсемәлі Сәттібайұлының мақаласында төтенше жағдай жарияланған Жуалы ауданына Ауыл шаруашылық министрі Серік Үмбетовтың барғандығы хабарланыпты.

Мақала авторының айтуынша, ауыл шаруашылық министрі Серік Үмбетов табиғаттың сынына байланысты қалыптасып отырған күрделі жағдайды өз көзімен көріп, мал қыстауларындағы жолдарды аршып, жем-шөп жеткізуді ұйымдастыруға тапсырма берген. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Жуалы ауданы бойынша 19 әлеуметтік саланың мекемелері қардың астында қалып, толығымен істен шыққан. 65 үйдің шатыры құлап жарамсыз болып қалған. “Алтын дән” астық қабылдау пунктіндегі он екі астық қоймасының 6 сының шатыры ортасына түскен.

Мал қыстауларымен байланыс үзілген. Аудан бойынша 282 шақырым жолды қардан тазалау керек болса, бүгінгі күнге соның небәрі 35 шақырымы ғана аршылған. Төтенше жағдайлар министрі Мұхамбет Көпейдің бұйрығымен төтенше жағдай қалыптасқан өңірге 15 техника, 42 адам көмекке келген. “ Қазір облыс бойынша 400 техника, 13200 адам табиғат сынына қарсы күресіп жатыр” деп хабарлайды “Егемен Қазақстан” басылымы.

“Айқын” басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында екі метрге дейін түскен қардың салмағына шыдамаған 35 тұрғын үйдің, 17 тұрмыстық-әлеуметтік ғимараттардың және 18 шаруашылық нысандардың төбелері опырылып, ортасына түскен. Тараз қаласында да бірнеше тұрғын үйдің, автокөлік тұрақтарының шатырлары мен бастырмалары, мектеп жасына дейінгі балаларды сары ауруды емдейтін қалалық санаторий ғимаратының маңдайшасы құлаған.

Мақала авторының айтуынша, Жуалы және Мойынқұм аудандарында екі адам үсіп өлген. Мамандардың айтуына қарағанда биылғы ылғал күткендегіден ондаған есе көп. Су тасқыны қазірдің өзінде бой көрсете бастаған. Шағын арналардың суы көтеріліп, Тараз қаласының шеткері үйлерінің аулаларына жайылып кеткен. Газетте келтірген дерекке сүйенсек, аймақта сел қаупін туғызатын қауіпті су көздері жетерлік. Мақалада келтірілген деректерге қарағанда, соның бірі – Тараз қаласының қыр желкесінде орналасқан көрші Қырғыз республикасының жеріндегі Шоң қақпа аталатын су қоймасы. Таразға батыс жағынан қауіп төндіретін екінші бір нысан Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы. Газет тілшісінің айтуынша, Шу өзенінің бойындағы өмірі күрделі жөндеу көрмеген Тасөткел су қоймасы да апатты жағдайда тұр.

“Экспресс К” басылымында жарық көрген Галина Выборнованың мақаласында Жуалы ауданындағы 45 елді мекен және 163 мал қыстауларымен көліктік байланыс орнатудың қиынға соғып отырғандығы айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, кей жерлердегі қардың қалыңдығы 1,5 , 2 метрге шейін жететін көрінеді. Жуалы ауданының әкімі Серғали Әйдекелов төтенше жағдайға қатысты “Экспресс К” газетіне берген сұхбатында 98 үй мен 198 шаруашылық мекемесінің, 16 мектеп пен 5 ауруханының төбелерінің қирағандығын хабарлапты. Оның айтуынша, аудандағы 160 отар қойға жем-шөп жетіспей жатыр. Кейбір қыстауларда бір-ақ күнге жететін жем-шөп қалған.

“Жас Алаш” және “Мегаполис” басылымдарында жарық көрген мақалаларда Оңтүстік Қазақстан облысын су басып кетуінің ықтимал екендігі айтылыпты. “Жас Алаш” газетінің тілшісі Руслан Ерболұлы депутат Оңалбай Аяшевтің премьерге жазған хатындағы “Шардара су қоймасына 5 миллиард 250 миллион текшеметр су қоры сыяды. Бүгінде су қоймасында 4 миллион 600 миллион текше метр су бар. Күн сайын ағып келіп жатқан су көлемі 100 миллион текше метр. Демек он күннің ішінде су арнасынан шығып жақын аймақты су басады” деген сөздерін мысалға келтіріпті. Депутат Оңалбай Аяшев “Егер Көксарай су қоймасы салынса және Сырдарияның сағасы тазаланса, осы күрделі проблеманы шешуге болады” деп есептейді екен.

Мақала авторының айтуынша, биыл қар қалың болғандықтан, көктемгі су жылдағысынан екі-үш есеге шейін ұлғаяды. Сарапшылардың болжамына сүйенсек, жаздың басына дейін қызылордалықтардың су тасқынымен әлек болуы ықтимал. Мақала авторы егер де артық мөлшердегі су қорын ұстап тұрған Шардарының өзі сыр беріп, бөгеттері бұзылып, алты миллиард текше метр су бір сәтте ақса, Көксарайды салмақ түгіл Қазақстан мемлекетіне Шардара су қоймасынан да айырылып қалу қаупі төніп тұр деп пайымдайды.

“Мегаполис” апталығының бірінші бетінде жарық көрген Сейтқазы Тарановтың мақаласында Қырғыстан мен Қазақстан мемлекетінің арасындағы Сырдария су қоймасындағы суэнергетикалық ресурсты тиімді пайдалану жөніндегі келіссөздің өз шешімін таппай отырғандығы айтылыпты. Мақалада сөз жүзінде Қырғыстан үкіметінің бірлескен кәсіпорын құруға келісім беріп отырғандығы, ал іс жүзіне келгенде әртүрлі талаптар қоя бастайтындығы айтылыпты.

Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, Қырғызстанның жоғарғы кенешінің депутаттары су-энергетикалық бірлескен кәсіпорын құруға қатысты Қазақстаннан Ыстық-көл маңындағы төрт қазақстандық сауықтыру кешенді беруді сұрап отыр. Газет тілшісінің айтуынша, "Қырғызстан мемлекеті осы күрделі ахуалды тиімді пайдаланып, оны геосаяси сауданың құралына айналдыруда".
XS
SM
MD
LG