Accessibility links

Қазақстанда жастар арасында жүрек және ішкі ағза дерті жиі кездеседі


Алматыдағы жүрек және ішкі ағза аурулары ғылыми-зерттеу институтының мамандары, жастардың қауіп-қатерге, оқыс жағдайларға бейімсіздігінен сусамыр, жүрек ауруларына шалдығу фактілері жиілеп отырғанын айтады.

Қант ауруына шалдыққан Дәулет Әлихановтың айтуынша, емі жоқ бұл сырқатпен тұқымдарында бұрын-соңды ешкім ауырмаған. Қарындасының қазасынан соң, ол жүдеп, салмақ жоғалтқан, сөйтсе, сусамыр деген кесел жабысқанын айтады сырқат.

- Жүйке тозғаннан дерті ауыр сырқатқа ұшырау қаупі барын, өз басымнан өткерген соң ғана білдім. Психологқа дер кезінде қаралсам, бәлкім, науқасым асқынбас еді. Қазір бірақ тым кеш, - дейді Дәулет.

Алматыдағы кардиология және ішкі ағза ауруларының ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Жангентхан Абылайұлы жаны қатты күйзелген адамның небір науқасқа 1 тәулікте ұшырау қаупін растап отыр. Әсіресе, нерв жүйкесі әлі шыңдалмаған жастар арасында іш-құрылыс аурулары белең алып барады екен. Ал, мұндай кеселді аздап тию үшін ғалым дәрігер ең алдымен медициналық психологтарды көптеп дайындау керек деп есептейді:

- Қазақстанда психолог мамандар дайындау саласы баяу дамып келеді. Психиатр, невролог дәрігерлері ғана бар. Ал, оларды дайындау шетелдік дәрежеге әлі жеткен жоқ. Қан қысымы көтеріліп, жүрек ауруларына әкеп соқтыратын нәрсе, сөзсіз ол - стресс.

Қазақстандық «Интертич» деп аталатын медициналық сақтандыру компаниясының Алматыдағы өкілдігінің қызметкері Альбина Қуанова психолог маманның әрбір мекемеде болғанын жөн санайды. Кәсіпорын басшылары психолог мамандары арқылы әрбір қызметкер жайлы мағлұмат алып, олардың қабілетін компания мүддесіне қалай тиімді пайдалану керек деген сараптама жүргізеді. Осындай амалмен ғана, қызметтегі ауыс-түйіс, еңбекақысын көбейту ісі әділ өтетініне сенеді:

- Психолог бар жерде, кикілжің деген дүниелер көп тумайды. Құлағы тыныш қызметкердің жұмысқа деген икемі, ықыласы артады. Ал, басшымыз маманның ақыл кеңесіне жүгініп, қызметкердің еңбегін адал бағалап отыруды еш ұмытпайды.

«Дарын» әлеуметтік-гуманитарлық институтының оқытушысы Зүбәйдә Кененбаева қолы бос уақытта психолог көмегіне зәру адамдарды қабылдайды. Маманның айтуынша, психологқа жеке басының уайымын айтып келуге ұялатындардың саны бірте-бірте азайып келеді. Дегенмен, психолог пен психиатр ұғымын терең ұқпай, жатырқайтындар әлі де өте көп деген уәж айтады.

- «Психо» деген сөзден жасқанатындар көп. Пихолог, психиатрға қаралуды ар санайды. Оның сыртында, «психо» деген сөзді естіп, «мен жынды» емеспін деп қашады. Сондықтан алдымен ұғымның мәнін түсініп алу керек.

Қазақстанда енді-енді дамып жатқан сала мамандарын жұмысқа жұмылдыру мәселесін мейрамхана қожайыны Дәмелі Қазиева 2 жыл бұрын шешкен. Ұйымшылдығымызды жетілдіру үшін психологты жетісіне бір шақырытып, бір үйдің балалары ұқсап, реніш-қуанышымызды талдаймыз. Соның арқасында, мейрамхана ашылғанда жинаған ұжымның мүшелерімен әлі де істесіп келеміз дейді кәсіпкер келіншек.

- Аспаздар мен даяшылардың еңбегі ауыр. Олардың көңіл-күйі тәуір болса, мейрамхана мәзірі тәтті болады. Асы дәмді жерден қонақтар да қол үзбейді.

Алматыдағы емханаларда психолог маман 45 минут қызметі үшін кем дегенде мың жарым теңге (1 доллар – 130 теңге) сұрайды екен, Зүбәйдә Кененбаеваның айтуынша, жүйкені қалыпқа келтіру үшін ем-домға мұқтаж адам психологпен кемінде 20 рет жүздесуі керек.
XS
SM
MD
LG