Accessibility links

Қазақстанда алғашқы тәуелсіз халықаралық төрелік сот құрылды

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Қазақстандағы жаңадан халықаралық төрелік сот құрылды. Бұл соттың құрамы елдегі үздік заңгер-ғалым, мамандардан жасақталмақшы. Сот төрағасы жаңа құрылымның өз жұмысын ешкімге тәуелсіз атқаратындығын айтады.

Қазақстанның халықаралық төрелік соты құрылғанын ресми түрде жария еткен сот төрағасы, Қазақстан ұлттық ғылым академиясының академигі заң ғылымдарының докторы, профессор Майдан Сүлейменов қоғамда осындай сот қызметіне сұраныс артып отырғандығын айтады.

- Аталған сот 2004 жылы желтоқсанның 28-і күні «Аралық соттар туралы» және «Халықаралық коммерциялық төрелік туралы» заң актілерінің қабылдануы арқасында құрылды. Бұл менің жеке идеям бойынша жүзеге асып отыр. Елдегі ең үздік заңгер-ғалым, мамандардан жасақталған бұл халықаралық төрелік сот ешкімге бағынышсыз, тәуелсіз жұмыс істейтін болады, - деді Майдан Сүлейменов.

Жаңадан құрылған Қазақстанның халықаралық төрелік сотының атқарушы директоры Дмитрий Ветлугин 2004 жылы Стокгольм қаласының сауда палатасы төрелік институты жалпы алғанда 250 миллион АҚШ доллары көлеміндегі істерді қарағанын атап өтті. Оның ішінде Қазақстанның құны 30 миллиондық төрт ісі де аталған институттың еншісіне тиген дейді маман. Сондықтан ол бұл халықаралық соттың ісі жемісті болатындығына күмән келтірмейді.

Сондай-ақ халықаралық төрелік соттың төрағасы Майдан Сүлейменов осыған дейін де Қазақстанда үкімет жанындағы мемлекеттік төрелік сот болғанын, "бірақ оны жемқорлық жайлап, ақыры жабылып тынғанын" айтып өтті.

Майдан Сүлейменовтың сөзінше, "кейінен түрлі себептермен бұл сот аудандық экономикалық сотқа айналып кеткен".

- Ал Қазақстанның халықаралық төрелік соты таластардың құпиялығын сақтай отырып, бейтарап және әділ шешуге күш салады. Келешекте бұл ұйым Қазақстандағы демократияның дамуына оң әсер етеді. Ел аумағындағы шетелдік компаниялар сот орындарының шешіміне көңілдері толмай, халықаралық соттарға шағым бергісі келсе, алдағы уақытта Қазақстанның халықаралық төрелік соты ондай дау-дамайды халықаралық сотқа жеткізбей-ақ шешетін болады, - дейді Майдан Сүлейменов.

Алайда заңгер Айыпхан Төлегенұлы жаңадан құрылған халықаралық төрелік соттың азаматтардың "сеніміне кіре алуы екіталай" екенін айтады.

Дегенмен халықаралық төрелік соттың төрағасы Майдан Сүлейменов өздері істерді арзанға әрі тез қарайтындығымен, әсіресе кәсіпкерлерге үлкен көмек болатындығын айтады.
XS
SM
MD
LG