Accessibility links

Ресей академигі А.Аганбегян Қазақстан экономикасына оңды баға берді

  • Досан БАЙМОЛДА

Ресейдің белгілі экономист ғалымы, академик Абен Аганбегян Қазақстан экономикасының жедел дамып бара жатқаны туралы айтады.

Халықаралық бизнес академиясының шақыруымен Қазақстанға келген Ресейлік белгілі экономист ғалым, академик Абен Аганбегян ақпанның 8-і Алматыда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен кезде Қазақстанның экономикасы "жедел дамып бара жатқанын" айтып, бүгінгі күні әлемде экономикалық өсу үрдісі жағынан алда келе жатқан екі елдің бірі деп атады.

- 2004 жылдың жағдайымен жалпы ішкі өнімнің өсуі Қазақстанда 9,5 процент, Қытайда 9 процент, ал Ресейде бұл көрсеткіш 7,1 процент, - деді академик Абен Аганбегян.

Академиктің айтуынша, Қазақстан нарықтық реформаларды жүргізу жағынан "Ресейден көш ілгері алға кеткен". Әсіресе Қазақстанда банк секторы жақсы дамып келеді және де зейнетақы қорлары да құрылып жұмыс істей бастады деп атап көрсетті ресейлік ғалым.

Ал Қазақстан шетелден инвестиция алу жағынан Ресейдің алдында келеді екен. Қазақстан өз тәуелсіздігін алған 14 жылдың ішінде шетел инвесторлары ел экономикасына 27 миллиард доллардың инвестициясын енгізген, осы инвестицияның үштен бірін, яғни 9 миллиард доллардың инвестициясын АҚШ берген.

Қазақстан экономикасына халықаралық қаржы ұйымдары да көмек жәрдемдерін көрсетіп отырғаны белгілі. Мысалы, Еуропалық қайта құру және даму банкінің Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Андре Кесвууктің айтуынша, бұл банк осы жылдары Қазақстан экономикасына 950 миллион еуроның инвестициясын енгізген. Банк Қазақстанда жеке секторды дамытуға бағытталған 30 шақты жобаны қаржыландырған.

Андре Кесвууктің айтуынша, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында экономикалық жағдайы жақсы ел деп танылғандықтан шетел компаниялары үшін бизнес жүргізуге ең қолайлы ел болып табылады. Алматы қаласы болса Орталық Азияның қаржы орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар қала дейді ол.

Қазақстандық экономист маман, экономика институтының салалық экономика орталығының директоры Мақсұт Әбеновтың айтуынша, Қазақстан экономикасы мұнайға тәуелді болып отыр. Сондықтан бұл тығырықтан шығу үшін Қазақстан экономикасын 2015 жылға дейін дамыту жөніндегі үкімет ұсынған индустриялық инновациялық бағдарламаның іске асуы маңызды деп атап көрсетеді маман.
XS
SM
MD
LG