Accessibility links

Алматы облысында құсбегілер жарысы өтеді

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Ақпан айының 10-11 күндері Алматы облысында “Сонар-2005” құсбегілер жарысы өтеді. Оған елдің әр аймағынан қыран бапкерлері қатыспақшы.

Қазақстанның “Қыран” федерациясы қоғамдық қорының президенті Нұрлан Өнербаев елдегі құcбегілер арасында сегіз жылдан бері өткізіліп келе жатқан “Сонар” байқауын Қазақстандағы туризм саласын жолға қоятын саланың біріне теңейді.

- Кейінгі кездері аңға салатын құстарға араб елдерінен қызығушылық көбейді. Егер шет елдерден қызығушылық болатын болса, ол құстар тек Қазақстан аумағында ғана дүниеге келетін болса, бұл мәселені неге өз пайдамызға шешпейміз? - дейді Нұрлан Өнербаев.

Ол бүгінде, ата дәстүрін жалғастырып, ит жүгіртіп, құс салушы құсбегілер қатарының сиреп кеткенін айтты. Осы орайда Қазақстанның ұлттық спорт түрлері қауымдастығының мүшелері ата-бабадан мұра болып қалған осынау өнерді жаңғырту мақсатында өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан бері құсбегілер көбірек шоғырланған Шелек өңірінде республикалық “Сонар” жарысын тұрақты түрде өткізіп келеді. Өткен 8 жыл ішінде атқарылған шаралар да аз емес. Атап айтқанда, осы ауылда құсбегілер орталығы салынды.

- Бірақ, бұл біздің елімізге аздық етеді. Біздің ендігі мақсатымыз - 1980 жылдары ашылып, кейіннен жабылып қалған құсбегілер мектебін қайта ашу, - дейді “Қыран” федерациясы қоғамдық қорының президенті Нұрлан Өнербаев.

Биылғы құсбегілер жарысына Қазақстанның әр түкпіріндегі кәсіпқой құсбегілер қатыспақ. Нұрлан Өнербаев бұл шаралардың барлығы да құстарды қорғау мақсатында атқарлып жатыр дейді.

Эколог-ғалым Молдағали Матқанұлы бұл іске сын көзбен қарайды.

- Бүгінгі таңда бағалы құстар өсіп жатыр ма, әлде өліп жатыр ма - ол жағы бізге белгісіз. Бұл мәселеге бақылау жасап отырған ұйымдар мүлде жоқ. Тек жарыс өткізумен қыран құстардың тұқымын сақтап қаламыз деген пікір қате”, - дейді Молдағали Матқанұлы.

“Бүркітші” ұлттық спорт түрлері ассоциациясының президенті Қанат Ахметұлы Қазақстанда 2004 жылы аң-құстарды қорғау туралы заң шыққанымен елдегі аң-құстар әлі қорғаусыз қалып отыр дейді:

- Өйткені, соңғы уақыттарда Қазақстан аумағында бүркіттердің саны өте азайып кетті. Олардың жұмыртқаларын ұрлау фактілері де бар. Сондықтан аң құстарды қорғау жайлы заңды күшейту керек.
XS
SM
MD
LG