Accessibility links

Назарбаевты қолдайтын заңгерлер конституцияның өзгермегенін қалайды

  • Досан БАЙМОЛДА

Қазақстандық бір топ заңгер қолданыстағы конституцияны өзгертпеу қажеттігін айтып ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан парламенті депутаттарына ашық хат жолдады. Олар оппозицияның бастамасына қарсы пікір айтып отыр.

Ақпанның 9-ы күні Алматыда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында арнайы мәлімдеме жасаған қазақстандық бір топ заңгер мамандар 1995 жылы қабылданған қазіргі қолданыстағы конституцияны өзгертудің еш қажеті жоқ деген пікірлерін білдірді.

"Өйткені бұл негізгі заңның Қазақстанды құқықтық мемлекетке айналдыруға және елде азаматтық қоғамды дамытуға толық күші бар. Сондықтан соңғы кезде Қазақстанның негізгі заңын өзгерту керек деп ұран тастап өздері жасаған негізгі заңның жаңа жобасын ұсынып жатқан демократиялық күштердің бұл әрекеттері дұрыс емес" дейді мәлімдемеге қол қойған қазақстандық заңгер мамандар.

Дінмұхаммед Қонаев атындағы университеттің ректоры, профессор Өмірғали Қопабаевтың айтуынша, қазіргі конституцияға биыл 10 жыл толғалы отыр, ал келесі жылы Қазақстанда президент сайлауы өтпекші.

- Осындай оқиғалардың алдында конституцияны өзгертейік деп елді дүрліктірудің еш керегі жоқ. Қазіргі конституцияға өзгерту, толықтырулар енгізу қажет болса оны кейін істеуге болады, - дейді ол.

Алматыдағы әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымының докторы Халимулла Халықов "бүгінгі күні Қазақстанда тыныштық жағдай қалыптасқанын" айтады.

- Ал енді өзімізден өзіміз дүрлігіп конституцияны өзгертейік деп даурығу - жақсы іс емес, оны теріс пиғылды біреулер пайдаланып кетулері мүмкін. Сондықтан конституцияға өзгеріс кіргізу жөніндегі пікір сәл ертерек, - дейді ол.

Ал қазақ гуманитарлық заң академиясының мемлекет және құқық институтының директоры Ғайрат Сапарғалиевтің айтуынша, ол Қазақстанның демократиялық күштері ұсынып отырған негізгі заң жобасымен танысып шыққан, "бірақ бұл жобада адам қызығып қарайтындай ешнәрсе жоқ" деп тапқан.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстан парламенті депутаттарына арнап ашық хат жолдаған заңгерлер "тәуелсіз Қазақстанның тағдырына аса алаңдайтындықтарын білдіре отырып қазіргі жағдайда 1995 жылы қабылданған негізгі заңды өзгертудің еш керектігі жоқтығын" айтқан.

Бұл ашық хатқа Қазақстанның заң құқық саласында танымал 14 заң профессоры қол қойыпты.
XS
SM
MD
LG