Accessibility links

«Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы президент қарауына жолданды

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қазақстан парламентінің мәжілісі «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасына парламент сенаты енгізген өзгеріс, толықтырулармен келісті. Заң жобасы енді Қазақстан президентінің қол қоюына жіберілді.

Ақпанның 9-ы күні Қазақстан республикасы парламентінің мәжілісі «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасына парламенті сенаты енгізген өзгерістер және толықтырулармен келісті. Сенаттың түзетулері нақтылау және редакциялық сипатта болған.

Үкімет бұл заң жобасын парламент мәжілісінің қарауына 2004 жылдың сәуір айында енгізген. Мәжіліс депутаттарының айтуынша, мұндай заң Молдовада, Тәжікстанда, Украинада, Ресейде, Беларусьте, Қырғызстанда, Грузияда, Әзірбайжанда және Өзбекстанда қабылданған.

Мәжіліс аталған заң жобасымен қатар кейбір заң актілеріне экстремизмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын мақұлдады. Ал, заң жобалары бойынша баяндаған мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Уәлихан Қалижановтың айтуынша, "заң жобалары қарастырып отырған құқықтық нормалар конституцияға қайшы келмейді".

- Екі заңның жобасында да өз қызметін Қазақстан республикасының және басқа мемлекеттің аумағында жүріп атқаратын шетелдік немесе халықаралық ұйымдарды "экстремист" деп прокурордың арызы бойынша Астана қаласының соты ғана тани алады.

Депутат Уәлихан Қалижанов Америка Құрама Штаттары экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы заңын бұрынғыдан да күшейтті дейді. Ал дептутат Серік Әбдрахмановтың айтуынша, заң жобасында экстремизмге жататын әрекеттер қаралған. Ол Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың Қазақстанның экстремизмге қарсы заң жобасына айтқан пікірін де тілге тиек етті.

- Ислам Каримов өз түсінігінше, өз заңдарына сай терроризмді анықтап, сонымен күресуде. Біздің түсінік ол Өзбекстан мемлекетінің қабылдаған заңдарына ережелері келмеуі мүмкін. Сол себептен атын ұнатпай жатқан болар, - депутат Серік Әбдірахманов.

Қазақстан бас прокуратурасы департаментінің бастығы Андрей Кравченко парламент қарауында жатқан, эктремистік қызметке қарсы күресті күшейтуді көздейтін заң жобасы қабылданса, онда "Хизб ут-Тахрир" секілді барлық ұйымдарға Қазақстан жерінде тыйым салынады деп отыр.

Бас прокуратураның департамент бастығы Серікбай Ерімбетов "Хизб ут-Тахрир" діни ұйымының "экстремистік ұйым екендігі оның әрекеттерінен белгілі болып отыр" дейді. Оның айтуынша, "қазіргі уақытта діни ұйымның идеяларын уағыздаған 12 адам сот үкімімен тиісті жазаға тартылған".

Ал сәрсенбі күні Қазақстан сыртқы істер министрлігі Шанхай ынтымақтастығы ұйымы антитеррорлық аймақтық құрылымының директоры Вячеслав Қасымовтың осы жылдың 7 ақпанында ресейлік «Независимая газетаға» берген сұхбаты елде түсінбеушілік туғызып отыр деп мәлімдеді.

Министрлік өкілі Мұрат Нұртілеуов Вячеслав Қасымов өз сұхбатында Қазақстанда «бен Ладендерге тиесілі фирмалар сатып алған аумақтар бар» деп мәлімдеп, іс жүзінде Қазақстан терроршылдарды жасырып отыр деп айыптаған дейді.

- Қазақстан аумағында терроршылдарды дайындайтын базалар немесе лагерьлер жоқ және болған емес. Сыртқы істер министрлігі Шанхай ытымақтастығы ұйымының антитеррорлық құрылымы басшысының айтқан пайымдауларды ШЫҰ-на мүше мемлекеттер басшылары қол қойған негізгі құжаттардың рухына және қағидаларына қайшы келетін орынсыз пікірлер деп бағалайды. Осы тәрізді пайымдаулар ірі халықаралық ұйым құрылымы басшысының мәртебесімен мүлдем сыйыспайды, - деді Қазақстан сыртқы істер министрлігінің өкілі Мұрат Нұртілеуов.
XS
SM
MD
LG