Accessibility links

Туристік компания өкілдері халықаралық рейстердің Астанаға көшірілуіне наразылық білдірді


Ақпанның 9-ы күні Алматыда қазақстандық бірқатар туристік компания өкілдері Көлік және коммуникация министрлігінің халықаралық рейстерді Астана әуежайына көшіруге байланысты шешіміне наразылықтарын білдірді.

Қазақстандық Туристер Ассоциациясының атқарушы директоры Рәшида Шәйкенова: “2004 жылы қазан айының 4-і күні “Известия Казахстан” басылымы арқылы Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Алматбек Мәмбетов халықаралық рейстерді көшіру жөнінде мәлімдеме жасады” дейді. Оның айтуынша, бұл мәселе туристік компания өкілдері арасында ешбір талқылауға түспеген. Сондықтан осы мәселеге байланысты Қазақстандық Туристер Ассоциациясы Көлік және коммуникация министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Алматбек Мәмбетовке арнайы хат жолдады. Бірақ тиісті жауап ала алмадық, дейді Рәшида Шәйкенова.

Қазақстандағы туристік фирмалардың 424-і яғни 60 пайыз, ал қонақ үйлер қорының 25 пайызы Алматыда жұмыс істейді екен. Рәшида Шәйкенова: “Көлік және коммуникация министрлігінің жоғарыдағы тосын әрекеті алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл әрекеттер Алматыға келетін шет ел авиа рейстерінің санын қысқартып, туризмнің дамуы мен туристік фирмалар, қонақүйлер, ресторандарда жұмыс істейтін мыңдаған алматылықтар тұрмысына қауіп төндіріп тұр. Астана әуежайы арқылы демалыс орындарына ұшып бару және іскерлік сапарлар жасау жол ақысының 40 пайызға дейін қымбаттауына апарып соғады. Алматы Қазақстанның қаржылық және мәдени орталығы деген ерекше мәртебеден айырылып қалуы мүмкін”, дейді. Ал “Хантәңірі” әуе компаниясы директорының орынбасары Дәурен Валиев: “ЮСАИД халықаралық ұйымының соңғы мәліметі бойынша 2004 жылы Қазақстанға келетін туристер саны 16 мың адамға азайған. Егер әр турист 1 мың доллар көлемінде пайда әкелетіндігін ескерсек Қазақстан қазынасына елеулі қаржы түспей қалды. Халықаралық әуежай Астанаға көшетін болса қазынаға түсетін қаржы бұдан азайып кетуі мүмкін”, дейді. Осы мәселеге байланысты Көлік және коммуникация министрлігіне хабарласқанымызда аталған министрліктің баспасөз хатшысы Қайырбек Мұқашев:

-Халықаралық рейстердің Астанаға көшуі біріншіден, елорданың мәртебесін көтеруге әсері үлкен. Мұнда халықтың өсуі де жақсы. Екіншіден, Астана арқылы Батыс және Таяу Шығыс елдеріне ұшу жолаушылардың уақытын қысқартады, дейді.

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Алматбек Мәмбетовқа телефон шалғанымызбен орнынан табылмады. Ал осы комитеттің Халықаралық байланыстар бөлімінің бастығы Баян Жұртбаева мен қызметкер Салтанат Ақаева бұл мәселе бойынша жауап бере алмаймыз, жазбаша түрде сауалдарыңызды жолдаңыздар. Он күн ішінде жауабын аласыздар дегенді айтты.

Ал туристік компания өкілдері өз талап-тілектері негізінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ашық хат жолдайтындықтарын мәлімдеді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG