Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11 ақпан 2005 жыл.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Тәуелсіз басылымдар Алматы қалалық сотының "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясын жабу туралы бұрынғы шешімді күшінде қалдырғаны және аймақтарда осы партияның мүшелеріне қысым көрсету оқиғаларының жиілеп кеткені туралы жазыпты.

“Республика” басылымында жарық көрген мақаласында Мұхаметжан Әділов Алматы қалалық сотының да "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясын жабу туралы бұрынғы шешімді өз күшінде қалдырғандығын айта келіп, "соңғы уақыттары ресми биліктің ықпалындағы кейбір басылымдардың, аталмыш партия туралы неше түрлі жалған ақпараттарды таратумен айналысқандығын" хабарлапты.

Осы сөздеріне дәлел ретінде Мұхаметжан Әділов 5-ақпан күні “Казахстанская правда” басылымында жарық көрген Николай Сергеевтің мақаласын мысалға келтіріпті. Газет тілшісі “Казахстанская правда” газетінің "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясының Шығыс Қазақстан аймағындағы бөлімінің басшысы Владимир Казарцев бастаған 1500 мүшесі партияның қатарынан шығып кетті деген сыңайдағы ақпарат таратқандығына тоқтала келіп, шын мәнісінде бұл келтірген деректердің шындыққа мүлде үйлеспейтіндігін тілге тиек етіпті.

Мұхаметжан Әділовтың сараптамасына сүйенсек, "дәл қазіргі уақытта билік тарапынан “Ақ жол” партиясына соққы көрсету әрекеттері қарастырылып жатыр". Мақала авторының айтуынша, алдағы уақытта “Ақ жолдың” Әлихан Бәйменов бастаған конформистік тобы партияның ішінде жік туғызуға тырысады. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Ақ жол” партиясының Әлихан Бәйменов бастаған конформистік тобы кезектен тыс құрылтай өткізіп, демократиялық күштердің бірігуіне жол бермеу үшін жұмыс жасап жатқан көрінеді.

“Эпоха” басылымында "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясының басшысы Ғалымжан Жақияновтың қайтадан Құсмұрын түрмесіне ауыстырылуы мүмкін екендігі туралы айтылыпты. Өйткені Ғалымжан Жақиянов әртүрлі себептерге байланысты қатарынан екі қатаң ескерту алған екен. Мақалада өткен жылы Ғалымжан Жақияновтың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілі Бьерно Хальварсонмен кездескендігі жөнінде дерек келтіріліп, осы оқиғадан кейін оған қатаң шаралар қолданыла бастағандығы баяндалыпты. Сондай-ақ “Эпоха” басылымының бірінші бетінде жарық көрген мақалада аймақтарда "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясының мүшелеріне қысым көрсету оқиғаларының жиілеп кеткендігі хабарланыпты.

“Азат” басылымы Алматы қалалық сотының "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясын жабу туралы бұрынғы шешімді өз күшінде қалдырғандығына байланысты, аталмыш партияның басшысы Асылбек Қожахметовтың сотта сөйлеген сөзін басыпты. Өз сөзінде Асылбек Қожахметов "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясын жабуды жоғарыдан келген тапсырма деп есептейтіндігін білдіріпті. Асылбек Қожахметовтың пікірінше, "президент Назарбаевтың шексіз билік режимі өзінің саяси қарсыластарына қарсы барлық кезде де конституцияға жат, заңсыз әділетсіз, тіпті моральдық тұрғыдан лас әдістерді" қолданып келеді. “Олар соққыға жығу, құғын-сүргінге ұшырату, қорқытып-үркіту, ойдан шығарылған жалған қылмыстық із қозғау, мемлекеттік және билік қарамағына көшкен баспасөз органдарында әдейі қаралау науқандарын өткізу және осымен қоса бірнеше дүркін өткізілген әділетсіз заңсыз сайлаулар” дейді Асылбек Қожахметов.

“Central Asia Monitor” басылымы Ғалымжан Жақияновтың ендігі уақытта партиясыз қалғандығын айта келіп, аталмыш партияның басшысы Асылбек Қожахметовтың халықаралық ұйымдардан көмек сұрап мәлімдеме жасамайтындығын хабарлағандығын тілге тиек етіпті.

Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин “Ақ жол Қазақстан” басылымына берген сұхбатында "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясы құрылғаннан-ақ биліктің тамағына кептеліп қалған сүйек секілді болғандықтан оны жауып отыр" деген пікір білдіріпті. Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясы өжеттілікті ұстанады және қаржы жағынан мүмкіндігі бар партияның жұмыс істеуінен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қорқады.

“Егер ұстанған саясаты мықты, өзіне-өзі сенетін әрі “халық мен қолдайды”, “халық мені қорғайды” деген сенімі болса президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси партияларда шаруасы болмас еді” дейді Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы Серікболсын Әбділдин.

“Жұма таймс немесе Дата недели” апталығында "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясына қатысты сот процесінің қалай өткендігі баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, сотқа қатысуға келгендер залға симай, олардың жартысы далада қалған.

“Жас Алаш” газетінде осы мәселеге қатысты өз ойын білдірген бір топ зиялы қауым өкілдерінің пікірі беріліпті. Мәдениеттанушы Мұрат Әуезов "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясының жабылуын “шаш ал десе, бас алатындардың ісі” деп бағалапты. Жазушы Ғаббас Қабышұлы болса "Қазақстанның демократиялық таңдауы" шыққаннан-ақ биліктің оған қатты шүйліккендігін мысалға келтіріпті.

Азаматтық партияның төрағасы Азат Перуашов "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясының жаңа жылдың алдындағы мәлімдемесі конституцияға қайшы келді деген ойын білдіріпті.
XS
SM
MD
LG