Accessibility links

Мамандар Қазақстанға ядролық физика саласын дамыту тиімді деп санайды


Әлемде өзге мемлекеттер ядролық қаруын дамытып жатқан тұста, сарапшылар Қазақстанға ядролық физика саласын дамытқан тиімді деп санайды.

Солтүстік Корея сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде «қару қалай болғанда да өзімізді қорғайтын ядролық қару болып қалады, себебі, қазіргі заманды, әділдік пен ақиқатты тек қуатты күш қана қорғай алады» делінген. Солтүстік Корея ядролық қаруды «өзіне жасалып отырған саяси оқшаулауға және қысым көрсетуге қарсы жасағанын» мәлім етті. Ал қазақстандық саясаттанушы Нұрболат Масановтың пікірінше, бұл бұрыннан-ақ белгілі болған жайт.

- Солтүстік Кореяның агрессиялық режимді ұстанатындығы түсінікті, қазір бұл мәселе халықаралық ұйымдар арқылы шешіліп келеді, - дейді саясаттанушы.

Саясаттанушы Сейфолла Сапанов Солтүстік Кореяның ядролық қаруға қатысты мәлімдемесіне орай сарапшылар арасында екі пікір қалыптасып отырғанын айтады:

- Біріншісі - Солтүстік Кореяны қолдаушылар. Американың Солтүстік Кореяны экономикалық оқшаулауға алуын тоқтатқысы келентіндер. Екіншісі - қауіпсіздік мәселесі. Меніңше, бұл қорғаныс мақсатында жасалған.

Кейбір сарапшылар жойқын қару туралы халықаралық келісімдер жаңадан ядролық қару жасаймын дейтін мемлекеттерге шектеу болғанымен, бұрынғы ядролық қаруларын сақтап қалған елдерге бұл қаруды дамытуға шектеу қоймайды дейді.

Қазақстанның кезінде ядролық қарудан бас тартуы әлі күнге дейін қоғамдық пікірге өзек болып келеді. Қоғамда бұл қадамды құптамайтын пікірлер де естіліп қалады. Совет одағы ыдыраған соң, Қазақстанның 10 ядролық әскери жарылғышы бар 104 зымыраны және 240 ядролық жарылғышы бар 40 ұшағы болған. Қазақстан ол кезде әлемдегі ядролық қару әлеуеті жағынан төртінші орында еді. Саясаттанушы Сейфолла Сапанов Қазақстанға ядролық қаруды емес, уран шикізатын табуды дамытқан тиімді деп санайды.

- Біз ядролық қаруды емес, уранды, жалпы осы бағдарламаны дамытқанымыз жөн. Болашақта мұнай бітеді, ал ядролық физиканы дамытсақ, экономикамызды дамытудың жаңа көзі болады, - дейді саясаттанушы.

Қазақстанда ядролық қаруды сақтап қалу керек деген пікірді ұстанғандар көп болды. Бұл Қазақстан қауіпсіздігі үшін өте маңызды фактор саналған. Осы пікірді жақтайтындардың айтуынша, Қазақстанда "ядролық қарудың болуы басқа қарудың аздығын толтыратын күш" болар еді. Оның үстіне, ол кезде Қазақстан Қытай мен Ресей сияқты ядролық мемлекеттердің арасында жатқандығы айтылған.

Бұқаралық ақпарат құралдарында ислам мемлекеттерінің Қазақстанды ядролық қарудан бас тартпауға шақырғандығы жазылған. Мұндай өтініштердің болғанын Қазақстан сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев та мойындайды. Ал, саясаттанушы Нұрболат Масанов Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқанын орынды болды деп есептейді.

- Ол кезде бұл халықаралық қоғамдастықтың талабы болған. Ал, Қазақстанға тәуелсіздік керек болды. Бұл қадам Қазақстан президентінің аздаған дұрыс қадамдарының бірі, - дейді Нұрболат Масанов.

1993 жылы Қазақстан тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің ішінде бірінші болып, ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылып, ядролық елдерден қауіпсіздік кепілдігін алды. Бір жылдан соң, Қазақстаннан барлық ядролық қару шығарылды. Саясаттанушы Сейфолла Сапанов егер Қазақстан ядролық қарудан бас тартпаса, шет елдерден инвестиция тарта алмаған болар еді деп атап көрсетеді:

- Біз ядролық қаруды алған кезде экономикалық тұрғыда күйреген жағдайдағы ел болдық. Сол кезде біз ядролық қаруды сақтап қалсақ, бізге экономикамызды көтеретін инвестиция келмес еді. Ал, қазір Қазақстанның ядролық қару жасағанда қолданылатын уран шығаруға мүмкіндігі жеткілікті. Әлемдегі барлық уран қорының 25 пайызы Қазақстанға тиесілі деген болжам бар. Ел аумағында уран өңдейтін атом өндірісінің кәсіпорындары бар.
XS
SM
MD
LG