Accessibility links

Баспасөзге шолу. 12 ақпан 2005 жыл.


Оппозициялық басылымдарда “Қазақгейтке” қатысты сот процесінде жаңа деректердің табылғандығын және бұл істі тексерумен бүгінгі уақытта АҚШ-тың ұйымдасқан қылмысқа қарсы департаментінің айналысып жатқандығы хабарланыпты.

“Жұма таймс немесе Дата недели” апталығы “Қазақгейтке” қатысты сот процесінде жаңа деректердің табылғандығын және бұл істі тексерумен бүгінгі уақытта Америка Құрама Штатындағы ұйымдасқан қылмысқа қарсы департаменттің айналысып жатқандығына тоқталыпты.

Мақала авторының айтуынша, "Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болған Джеймс Гиффенге қатысты өтіп жатқан сот процесінде оның қылмысының көлемін анықтайтын қосымша құжаттар табылған". Газет тілшісінің айтуынша, Джеймс Гиффенге “Америка Құрама Штаты банктерінің қызметі, жалған компаниялардың көмегі мен швейцариялық есеп-шоттарды пайдалана отырып Қазақстандағы лауазымы жоғары шенеунектердің есеп-шоттарына мұнай компанияларына тиесілі ақша аударумен айналысты “ деген айып тағылып отыр.

Құжатта Қазақстандағы лауазымы жоғары шенеуніктер ретінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, мұнай министрі Нұрлан Балғымбаев пен олардың отбасыларының мүшелерінің аты аталған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, АҚШ әділет министрлігінің халықаралық істер бөлімі бастығының қызметін атқарушы Джон Харрис тергеудің қалай жүріп жатқандығынан хабардар етіпті. Сондай-ақ “Жұма таймс немесе Дата недели” апталығынде “Қазақгейт” сот процесіне қатысты белгілі болған жаңа құжаттың толық мәтіні беріліпті.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис да “Жұма таймс немесе Дата недели” апталығына берген сұхбатында “Қазақгейт” тақырыбына қатысты өз ойын білдіріпті. Евгений Жовтистің айтуынша, егер де американдық азамат Джеймс Гиффеннің Орталық барлау басқармасының тапсырмасын орындап, Қазақстандағы лауазымы жоғары шенеуніктеді сатып алумен айналыстым деген сөздері расқа айналса, бұл оқиға осы іске қатысы бар шенеуніктердің саяси беделіне үлкен нұқсан келтіреді. “Заңдық тұрғыдан бұл Джеймс Гиффенге, ал саяси тұрғыдан бұл Қазақстанның бүгінгі басшылығына шығарылған үкім болады” дейді құқық қорғауышы Евгений Жовтис.

Ал, Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, президент Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақгейт” мәселесіне қатысты "ылғи да жалған сөйлеуден" танбай келеді. Серікболсын Әбділдин “Ақ жол Қазақстан” басылымына берген сұхбатында осы сөздеріне дәлел ретінде Серікболсын Әбділдин ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақгейтке” қатысты сөз қозғалғанда “Гиффен дегенді мүлде білмеймін, ол бұрынғы үкімет жетекшісі Әкежан Қажыгелдиннің адамы” дегендігін, алайда кейіннен қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының Гиффеннің президенттің өзі қолын қойып, мөрін басып берген құжатын жариялағандығын тілге тиек етіпті.

Сондай-ақ Серікбосын Әбділдин газетке берген сұхбатында, бұл жерде Гиффен деген адамның бар екендігі және оның Нұрсұлтан Назарбаевқа пара берді деген айыппен сот алдында жауапқа тартылып жатқандығына тоқтала келіп, бұл оқиғаның Қазақстанға да, оның басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа да абырой әпермейтіндігін атап өтіпті. Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, “Қазақгейт” секілді масқараға бұрынғы совет одағының құрамында болған он бес республиканың ішінде тек Қазақстан ғана ұшырап отыр.

Сондай-ақ апта соңында жарық көрген басылымдарда соңғы кездері Қазақстан мемлекетіне қатысты “терроршыларды жасырып отыр” деген сыңайдағы айыптаулардың жиі сөз бола бастағандығы да талқыға салыныпты. Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Жас Алаш” басылымының сенбі күнгі санында жарық көрген Шадияр Естемірұлының талдау мақаласында Ресейдің “Независимая газета” басылымы арқылы Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аясындағы аймақтық терроризмге қарсы күрес құрылымының директоры Вячеслав Қасымовтың осындай мағынадағы мәлімедеме жасағандығы хабарланыпты.

Газет тілшісінің талдауына сүйенсек, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аясындағы аймақтық терроризмге қарсы күрес құрылымының директоры Вячеслав Қасымовтың осындай мағынадағы мәлімедеме жасауынан ресми Ташкенттің ұстанымы анық аңғарылады. Мақала авторының айтуынша, Ресей мен Өзбекстанның өз елдеріндегі терактілерге Қазақстанды тели беруінде "бір орталықтан басқарылып отырған әрекет, бір мүдде бар болуы мүмкін".

Мақаладағы келтірілген сараптамаға сүйенсек, Украинадан кейін сыртқы саясатын қатал жүргізуді көздеп отырған Кремльдің “Қазақстан өз ішінде терроршыл таптарды ауыздықтауға шамасы келмей отыр” деген сылтаумен өздері ұсынып отырған “Орталық Азияның біріккен әскери тобын” құру идеясын жүзеге асыра бастауы ықтимал.

“Литер” басылымы болса Қазақстан сыртқы істер министрлігінің Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аясындағы аймақтық терроризмге қарсы күрес құрылымының директоры Вячеслав Қасымовтың мәлімдемесіне қатысты “Қазақстанның территориясында ешқандай да терроршыларды дайындайтын лагерь болған жоқ, болған да емес. Шанхай ынтымақтастығы ұйымының терроризмге қарсы күрес құрылымы жетекшісінің сөзі негізсіз және осы ұйымға мүше елдердің басшылары қол қойған негізгі құжаттарға қайшы келеді” деп жауап мәлімдеме жасағанын хабарлапты.
XS
SM
MD
LG