Accessibility links

«Мұрагер» қоғамы - Мәскеудегі қазақ диаспорасының ұйымы

  • Айнагүл САҒДИ

Ресей астанасында қазақ диаспорасы өкілдерінің басын біріктіретін «Мұрагер» қоғамдық ұйымы жұмыс істейді.

«Мұрагер» қоғамы өкілдерінің айтуынша, Мәскеудегі қазақ жастары ұлтаралық спорт және өнер сайыстарына үзбей қатысып тұрады. «Қазақ тілі» қоғамының жетекшілері болса, Ресей астанасындағы қазақ жұртшылығы өкілдерінің қоғамдық белсенділігі мен интеллектуалдық мүмкіндіктері тұрғысынан жақсы баға алып отырғандарын, соңғы екі-үш жылда қазақтардың басқа ұлт өкілдерінің арасында беделінің өсе түскендігін айтады.

Мәскеудегі қазақ дисапорасы өкілдерінің сөзінше, қазақтардың футболға деген құлшыныстары өте жоғары. Оған дәлел ретінде қазақтардың жыл сайын өтіп тұратын турнирлерге қатысып, үнемі алдыңғы қатардан көрініп жүретіндіктерін мысалға келтіреді.

- Соңғы бес-алты жылдың көлемінде Ресейдегі Қазақстан елшілігі, «Қазақ тілі» қоғамы, «Мұрагер» қоғамының ұйымдастыруымен турнирлер өтіп тұрады. Оған барлығы 14-ке дейін командалар қатысты, оның ішінде студенттерден жасақталған команда да бар. Бұдан басқа Мәскеуде өткізіліп тұратын диаспоралар арасындағы турнирлерге барлық қазақ командаларының арасындағы жақсы ойнайтын жігіттер бір команда болып қатысуда. Барлығында да алдыңғы қатардан көрініп келеміз, - дейді Мәскеудегі «Қазақ тілі» және «Мұрагер» қазақ-мәдени қоғамының төрағасы Жәнібек Елекбаев.

«Мұрагер» футбол командасының мүшесі Әбдуислам Тұрсынбаев басқа ұлттық диаспоралармен салыстырғанда қазақтар сан жағынан аз болса да «намысты қолдан бермеуге тырысатындарын» айтады. Әбдуислам Тұрсынбаев таяуда ұлды болған екен. Нәресте Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресейге бару сапары кезінде дүниеге келгендіктен 3 қыздан кейін туған ұлының есімін ырымдап Нұрсұлтан деп қойыпты. Әбдуислам Тұрсынбаев отбасымен салт-дәстүрді қатты сақтайтындықтарын айтады.

- Мен өзім Шымкент облысынан Ресейге көшіп келгеніме 10 шақты жыл болды. Бір байқағаным, бұл жақта дәстүрді берік ұстанатын секілді. Ұлым туғанда да барлық дәстүрді қолдандық, - дейді ол.

Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамы төрағасының орынбасары Омар Айшах бүгінде Ресейде тұратын қазақ жұртшылығының қоғамдық белсенділігінің артып келе жатқандығын, жалпы көзқарастың түзу екендігін айтады.

- Ішінде әрине, кейбір «қызылкөздер» бар ғой, бірақ біз оларға көңіл бөлмейміз. Бізге ешқандай зияны жоқ, тек қана анда-санда газет, радиоларға сұхбат бергенде ұлтшылдық негіздегі мәселелерді айтқаны болмаса, негізінен қазақ қауымына көзқарас жаман емес, - дейді Омар Айшах.

Мәскеудегі «Қазақ тілі» және «Мұрагер» қазақ-мәдени қоғамының төрағасы Жәнібек Елекбаевтың айтуынша, бүгінде 2 мыңға жуық қазақ жастары Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алып жатыр.
XS
SM
MD
LG