Accessibility links

Алматыда тұрғын үй бағасы қымбаттауы мүмкін


Алматыдағы қозғалмайтын мүлік базарын зерттеушілер жақын болашақта қаладағы тұрғын үй бағасының қымбаттауы мүмкін екендігін айтады.

Ақпанның 14-і күні Алматыда коммерциялық жылжымайтын мүлік орталығы алдағы уақытта Алматы қаласындағы тұрғын үй бағасының қалай болатындығына жасаған болжамымен таныстырды. Алматыдағы қозғалмайтын мүлік базарының соңғы жарты жылдағы жағдайына зерттеу жүргізіп, талдау жасаған коммерциялық қозғалмайтын мүлік орталығының бас директоры Болат Байтасовтың айтуынша, қаладағы тұрғын үй бағасындағы қазіргі тұрақтылық уақытша ғана болмақ, алдағы 1-2 ай ішінде бұл тұрақтылық өзгермек. Оның айтуынша, алдағы уақытта Алматыдағы тұрғын үй бағасы ең кем дегенде 3-8 процентке дейін қымбаттамақ.

- Ал Алматы қаласында іске асырылғалы отырған екі жоба, яғни Алматы қаласын Орталық Азияның қаржы орталығына айналдыру жобасы мен Алматыда ірі технопарк салу жобасы іске асса, онда Алматыдағы тұрғын үй бағасы 20 процентке дейін шарықтайды деген болжам бар, - дейді Болат Байтасов.

Ол Алматыда тұрғын үйдің бағасының көтерілуіне бірнеше себептер әсер етіп отырғанын сөз етті. Оның айтуынша, ең алдымен қала тұрғындарының тіршілік деңгейі көтеріліп барады, екінші жағынан олардың айлық жалақылары өсіп келеді, ал үшіншісі - ипотекалық несие беру жолға қойылып отыр. Содан соң ең негізгі бір нәрсе - Алматы тұрғындары өздерінің басы артық ақшаларын осы жылжымайтын мүлік базарына салып отыр.

- Олар арзанға пәтер сатып алып, пәтер бағасы қымбаттаған кезде сату бизнесін жасайды, - дейді Болат Байтасов.

Бүгінгі күні Алматыда арзан пәтер тек Түркісіб ауданында, ондағы бір шаршы метр пәтер бағасы 650 долларды құрайды.

- Ал үкіметтің ұсынып отырған тұрғын үй бағдарламасында көрсетілген бір шаршы метр пәтер бағасын 350 доллардан асырмау керек деген тапсырма ол тек бюджеттік қызметкерлер мен ұзақ жылдар бойы пәтер алу тізімінде тұрғандар үшін, - дейді қозғалмайтын мүлік базарының сарапшысы Гүлжан Шыныбаева.

Өткен жылы қалада инвестиция қаржысына салынған тұрғын үйлер көлемі артса да, пәтер құны өсумен болған. Бүгінгі күні Алматы қаласында 941 құрылыс компаниясы тұрғын үй салу жұмыстарын атқарып отыр.
XS
SM
MD
LG