Accessibility links

Совет әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 16 жыл болды


14 ақпан кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күні.

Совет билігі кезінде Ауғанстан аумағында 10 жыл бойы жүрген соғысқа қатысқан қазақстандық жауынгер-ардагерлер мен сарапшы-мамандар ауған соғысының әлі күнге дейінгі шешімін таппаған зардаптары болмаса, бүгінгі көзқараспен қарап, әлемдегі қазіргі жағдайлармен салыстырғанда ол оқиғаның да өзіндік орны болғандығы байқалады дейді.

Бұдан тура 16 жыл бұрын, яғни 1989 жылдың ақпан айындағы совет әскерінің, дәлірек айтқанда 40-шы армия мен оған жіберілген бөлімшелердің Ауғанстан аумағынан шығарылғанынан бері Совет одағының Ауғанстанға әскер кіргізуі мәселесі өзіне жиі қойылатын сұрақтардың бірі екенін айтады Қазақстандағы ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы Шәріп Өтегенов.

- Жалпы, бұл мәселеге саясаткерлер мен саясаттанушылар бас қатырсын. Ал отан алдындағы борышын адал атқарып келген азаматтардың еңбегі ескерілетін уақыты жетті, - дейді ол.

Шәріп Өтегенов басқаратын Қазақстандағы ауған соғысы ардагерлері одағының деректері бойынша, Ауғанстан жеріндегі он жылға жуық жүрген соғысқа Совет одағының 500 мыңнан астам азаматтары қатысып, 15 мың жауынгер опат болған. Ал Қазақстаннан ауған соғысына 22269 азамат тартылып, оның 889-ы қазаға ұшыраған, 30-ға жуығы хабар-ошарсыз жоғалып кеткен. Және де 3 мыңнан аса жауынгер ауған соғысынан мүгедек болып оралған.

Алайда ресми мәліметтерге негізделіп жасалған бұл цифрларды екі есеге көбейтсе де болады деп есептейді ауған соғысы ардагерлері одағының басшылығы.

- Себебі, Қазақстан үкіметі осы уақытқа дейін республика бойынша, нақты санақ жүргізген емес және елдегі ауған соғысы ардагерлерінің мәселелеріне тек қана қырын қабақ танытып келеді, - дейді аталған одақ басшысы Шәріп Өтегенов.

Ал Совет одағының Ауғанстан еліне әскер кіргізуі мәселесі қаншалықты дұрыс болды деген сауалға кейбір ардагер жауынгерлер "оған сол кездегі саяси жағдайды ескере отырып әрі бүгінгі әлемдік оқиғаларды саралау тұрғысынан баға беру қажет" дейді. Бұл ретте ауған соғысының ардагері, генерал-мойор Мұрат Қалматаев: "Дәл сол уақытта Ауғанстанға Совет одағының қарулы күштері кірмесе, Америка әскерінің ол елге түсірілуі жөніндегі нақты деректер Совет одағының орталық комитетінде болған" дейді.

Ал әскери ғылымдардың профессоры, полковник Ким Серікбаев: "Ауғанстан елінің ішкі ісіне араласқан бүгінгі АҚШ-тың ұстанымына қарап отырып, Совет одағының сол кездегі қадамдары соншалықты әділетсіз болды деп айта алмаймыз" дейді.

- Қайткенменде ендігі мәселе ауған соғысына бүгінгі көзқарас тұрғысынан баға берілуі қажет, - дейді Ким Серікбаев.
XS
SM
MD
LG