Accessibility links

«Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы "басылымға қысым жасалып жатыр" дейді

  • Айнагүл САҒДИ

Атыраудан шығатын оппозициялық «Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы Жұмабай Доспанов құзырлы органдар газетті жабу туралы мәселе көтеріп жатқаны туралы айтады.

Алдағы наурыз айының 22-сі күні Атырауда шығып келе жатқан «Алтын ғасыр» газетіне 4 жыл толады. Газеттің бас редакторы Жұмабай Доспанов газетке 2 жылдан бері қысым көрсетіліп келе жатыр дейді:

- Құзырлы органдар қайткен күнде де басылымды жабуды көздеп отырғандығын айтады. Бұған дейін, 2002 жылдың 8 шілдесінде полиция қызметкерлерінің редакциядан мүлікті алып кеткен жерлерінен қайтарған болатынбыз. Одан кейін аталған газетке байланысты үйіме де шабуыл жасалған еді. Сондай-ақ, 4 рет қаржы полициясы, 2 рет салық комитеті мен қаржы полициясы бірлесіп кешенді тексерулер өткізді. Соңғысы биылғы жылдың 6-шы қаңтарында басталып, 14 ақпан күні аяқталды. Қаржыға байланысты заңсыздық немесе кемшіліктер таба алған жоқ, - деді Жұмабай Доспанов.

Редактор газетті жабу әрекетін ұйымдастырып отырған солар деп, облыстың бас прокуратурасына кінә артты. Ал Атырау облысы прокурорының орынбасары Әспенби Жарылғасов Азаттық тілшісіне "газетті жабу туралы ешқандай сөз жоқ екенін" айтты.

- «Алтын ғасырды» барып тексеріп, олардың жұмыстарынан заңсыздық табу деген ой жоқ бізде. Ал егер тексеріп, заңсыздықтар анықталып жатса, біз кез-келген газет болсын, басқа да мекемелер болсын заңды түрде шара қолданамыз. Жалпы бізде жоспарлы тексерулер болып тұрады, бірақ бір газетті тексеріп, шара қолдану деген сөз жоқ, - дейді бас прокурордың орынбасары.

«Алтын ғасыр» газетінің бас редакторы Жұмабай Доспановтың өз сөзімен айтқанда, «газет - қазіргі билікке ұнамайтын басылым».

- Бұл газет арқылы биліктің конституцияға, халықтың мүддесіне қайшы, тіпті мемлекетке қарсы әрекеттері жазылады, интернеттен материалдар алынады. Олардың қорқып отырғаны - алда президент сайлауы. Сол себептен оппозициялық газетті жауып, халыққа ақпараттың жетпеуін көздеп отыр, - дейді ол.

Ал облыс әкімінің ішкі саясат департаментінің ақпарат кеңістігі және бұқаралық ақпарат құралдары нарығы бөлімінің бастығы Әбілхан Төлеуішов ешқандай заң бұзушылықтар болмағанына сендіріп отыр.

- Сондықтан газетті жабу мүмкін емес. БАҚ-на қатысты заң бұзылса, ең алдымен тиісті министрлікке жібереміз, содан кейін барып бізге түскен тапсырма бойынша заң жүзінде әрекет етеміз. Біз жоғары жаққа мониторингін жасап беріп жатырмыз, газет дұрыс шығып жатыр, қолымызға алып отырмыз, - дейді облыс әкіміндегі шенеунік.

Жұмабай Доспановтың айтуынша, газетті жабу жайындағы құжаттар әлі келмеген.

- Егер жабылып қалатындай жағдай туса, газеттің мыңдаған оқырмандарымен бірлесіп, рұқсат етілмесе де наразылық шеруін ұйымдастырғалы отырмыз, - дейді оппозициялық басылым редакторы.
XS
SM
MD
LG