Accessibility links

Қырғызстанда Асқар Ақаевтың президенттік мерзімін ұзарту туралы айтыла бастады

  • Әселім ҚАЛКЕНҚЫЗЫ

Қырғыз республикасындағы бірқатар қоғамдық ұйымдар қазіргі ел президенті Асқар Ақаевтың қызмет өкілетін 2010 жылға дейін ұзарту туралы бастама көтеріп жатыр.

Қырғыз президенті Асқар Ақаевтың президенттік мерзімін тағы да бес жылға ұзарту жөнінде референдум өткізу үшін Қырғыз республикасының конституциясына сәйкес үш жүз мың дауыс жинау керек. Қырғызстандағы "Елім менің – елім үшін" қоғамдық қорының төрағасы Амантай Сатыбаевтың айтуынша, бүгінде оның жартысы жиналған.

– Асқар Ақаевтың мемлекет үшін сіңірген еңбегі, Орта Азияға сіңірген еңбегі зор. Ақаевтың президенттік мерзімін ұзарту үшін бүгінде 150 мыңнан астам қол жиналды, – дейді Амантай Сатыбаев.

Қырғыз республикасының конституциясына сәйкес, бір адам президенттіке тек екі рет қана түсе алады. Ал Асқар Ақаев 1995 жылы және 2000 жылы ел президенті болып сайланды. Бұл тұрғыда Амантай Сатыбаев "Ақаевтың президенттік мерзімін ұзарту туралы референдум өткізу жоспары – конституцияны бұзу болып табылмайды" деп сендіруге тырысады.

Қырғыз республикасының президенті Асқар Ақаевтиың президенттік мерзімін ұзарту туралы мәселе қазақстандық сарапшылардың назарынан тыс қалып отырған жоқ. Қазақстандық саясаттанушы Әзімбай Ғали Қырғызстан президенті "Асқар Ақаевтың президенттік мерзімін ұзарту туралы бастаманың іс жүзіне асуы екіталай нәрсе" деп санайды.

– Ақаевты қырғыз элитасының бір бөлігі ғана қолдайды. Оның бұл қадамын батыс қолдамайды. Оған батыстан қысым болады. Қырғыз елінің жағдайы онсыз да мәз емес екені белгілі. Ол елдегі оппозиция күштері мықты екендігі белгілі, – дейді сарапшы.

Қазақстанның "Ақ жол" демократиялық партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменовтің пікірінше, "Орталық Азия елдері басшыларының қайсы болмасын өзінің жылы орнынан айырылмауға тырысады".

– Өз басым Асқар Ақаевтың бұл қадамы дұрыс емес деп санаймын. Ақаевтың Орта Азия елдері ішінде беделі де төмен. Жалпы, Орта Азия елдері басшылары жаңа адамды өз қатарларында көрмеу үшін осы қадамға баруға мүдделі, – дейді Әлихан Бәйменов.

Қырғыз президентінің өкілетті қызмет мерзімін ұзарту идеясы – демократиялық ұстанымдарға жат қылық деп бағалайды қазақстандық оппозиционер Әміржан Қосанов.

– Ақаев парламентке өз туысқандарын әкелуге тырысып жүргені белгілі. Ол өзінің президенттік уақытын заңсыз әрекеттермен соза тұруды ойлап отыр. Бұл қадам демократиялық стандарттарға сай емес. Оның бұл қадамын басқа көршілес елдер басшылары да пайдалануға ниет білдіруі мүмкін, – дейді Әміржан Қосанов.

Қазақстан коммунистік партиясы жетекшілерінің бірі Төлен Тоқтасыновтың айтуынша, Қырғыз республикасы қазіргі президентінің өкілетті мерзімін ұзарту туралы референдум өткізу іске асып, Ақаев көздеген мақсатына жетсе – бұл Орта Азиядағы көршілес елдердің басшыларына соқыр үміт тудыруы мүмкін.

– Қазақстан, Қырғыз, Түркменстан, Өзбекстан және Тәжікстан – кілең тотаритарлық режимді ұстанып отырған елдер. Аталған елдер басшыларының қайсы болсын, өз орнынан кетпеуді ойлайды. Заңның бұзылып жатқаны оларды ойлантпайды. Егер Ақаев осы ойын іске асырса, ертең Назарбаев та, басқа елдердің басшылары да ойланады, – дейді Төлен Тоқтасынов.
XS
SM
MD
LG