Accessibility links

Америка Хариридің өлтірілуіне Сирияны айыптаған жоқ


АҚШ Ливанның бұрынғы премьер-министрі қастандықтан қаза табуына байланысты Сириядағы елшісін шақырып алды. Сирия қолдауындағы үкіметтік күштер мен Дамаскіні Рафик Хариридің өлтірілуіне қатысы бар деп айыптайтын оппозиция арасындағы қарым-қатынас шиеленісе түсті. Ливанда Сирияның 14 мыңнан аса жасағы орналасқан. АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Ричард Баучер әскер күштерінің Ливанда тұруы аталған елдің ішкі қауіпсіздігі үшін деген Сирияның мәлімдеулеріне күмән туғызады деп атап көрсеткен. -Соңғы айларда біз Сирия үкіметімен бірқатар мәселелерді көтерген болатынбыз, оның ішінде Сирияның Ливанда ұзақ уақыттан бері болуы, халықаралық террорлық топтардың қимылдары, Иран режимі, Ирақ көтерілісшілерінің Сирия жерін пайдалануы сияқты мәселелер болды. Осы уақытқа дейін бұларға жеткілікті көңіл бөлінбеді, біз Сирия үкіметін осы жайттарға қарсы тиісті шаралар қолдануды қайтадан сұраймыз,-деген Баучер. Өткен жылдың қазан айында отставкаға кеткен Рафик әл-Хариридің қазасына байланысты Ливанда кеше үш күндік ресми аза тұту жарияланды. БҰҰ-ң Қауіпсіздік Кеңесі барлығы 15 адамды опат еткен дүйсенбідегі бұл бомбалық шабуылды террорлық акт деп айыптады.
XS
SM
MD
LG