Accessibility links

«Ақ жол» партиясындағы алауыздықтан билік ұтады дейді сарапшылар


Өткен парламент сайлауынан кейін Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы басшылығы арасындағы алауыздық күшейе түсіп, ақыр соңында жетекшілердің екіге бөлінуіне алып келді. Бұл текетірес тек билікке пайдалы болды дейді кейбір сарапшылар.


Сөйтіп, өз араларында бір мәмілеге келе алмаған партияның тең төрағалары - Әлихан Бәйменов, Людмила Жуланова бір жақ, ал Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілов, Ораз Жандосов басқа жақ болып екіге жарылып, бір-бірін кінәлап жатыр.

Қазақстанның тәуелсіз бақылаушылар жүйесінің президенті Дос Көшімнің айтуынша, «Ақ жол» басшыларының бір тобы, яғни Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілов және Ораз Жандосов үшеуі соңғы кезде радикалды оппозицияға қарай бас бұрған, ал қалған екеуі «Ақ жол» құрылған кездегі партияның жарғысына сай партияның бағыт-бағдарын сақтап қалғылары келіп отыр.

- Парламент сайлауында әжептәуір дауыс алып халық қолдауына ие болса да парламенттен тиген орынға ызалы болған партия көсемдерінің бір тобы ашық оппозицияға қосылуды жөн санаса, Әлихан Бәйменов бастаған топ «Ақ жол» партиясының негізгі бағытын ұстап қалғылары келеді. Ең негізгі даудың басы осыдан болып отыр. Бұл жерде кім ұтады деген сауалға келсек - ұтатыны билік те, ал ұтылатыны - оппозиция болмақ, - дейді Дос Көшім.

Кәсіби дипломат Болатхан Тайжанның пікірінше, егер «Ақ жол» басшылары қазақ халқының мүддесі мен қазақ мемлекетінің мүддесін ту етіп ұстап, сол үшін өз күрестерін жүргізгенде бұндай келіспеушіліктер болмас еді.

- Әлі де осы мақсатты ту етіп ұстаған жақ халық қолдауына ие болады, жеңіс солардікі болады, - дейді Болатхан Тайжан.

Қазақстанның ұлттық зерттеулер институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедовтың пікірінше, «Ақ жол» партиясы басшылары алдында не партияны ыдыратпас үшін өз араларында қалайда келісімге келу жолы бар, немесе бір топ осы партияны тастап, басқа бір қозғалыс не болмаса басқа бір партия құру жолы бар.

- Бұл екеуі де қазір жікке бөлінген басшылар үшін оңай жол емес, - дейді ол.

Қоғам қайраткері Балташ Тұрсынбаев «Ақ жол» партия басшыларының осылай екіге не үшке бөлінетіндігі әу баста белігілі болған деген пікір айтады. Оның айтуынша, "жеке лидері жоқ бес тең төраға басқарған партия тағдыры осылай аяқталатыны заңды нәрсе".
XS
SM
MD
LG