Accessibility links

Қазақстанда көп әйел алуға рұқсат беру қажет пе?

  • Ғазиз МЕДЕТ

Көп әйел алу мәселесі – Қазақстан қоғамында кереғар пікір туғызатын тақырыптардың бірі. Көп әйел алуды қолдайтындар да, ондайға қарсылар да өз уәждерін келтіреді.


Осыдан үш жарым жыл бұрын Қазақстанда көп әйел алу туралы заңды мәжіліс қабылдамай қойған еді. Ол уақытта депутаттар да, жұртшылықтың жарым бөлігі де бұл мәселе қазақтардың санын қалай көбейтеміз деген (демографиялық өсім) қажеттіліктен туып отырғандығын алға тартқан-ды. Заң бойынша екі әйел алу - қылмыстық жаза деген бап та жазылды. Әділет министрлігінің мамандары берген мәлімет бойынша, осы мәселе төңірегінде бұрын-соңды мұндай қылмыстық іс қозғалмағандықтан, екі жылдан бері бұл баптың заңды күші де тоқтатылған.

Содан бері, бірінші некесін ғана заңдастырып, тағы екі-үш әйел алушылар саны ислам жолына түсіп, Аллаға беті қарағандар арасында кең тарап барады. Оның сыртында олар «неке және отбасы» туралы заңды қайта қарап, көп әйел алуды заңдастырса деген ниеттерін айтады. Дінтанушылар бұл істің Құран кәрім бойынша халал іс екенін айтып ақталса, құзырлы мекеменің өкілдері бұл мәселе конституцияға мүлдем қайшы, сондықтан оны қайта қозғаудың мәні жоқ деп отыр.

Еркебұлан деп атауды сұраған 30-дағы жігіт сәждеге жығылғалы бері сегіз жыл өтті дейді. Содан бері ол бес уақ намазын қаза қылмай, мұсылман жамағатының санын көбейтуге ат салысып келеді екен. Алматы қаласында тұратын Еркебұланның үш үйі бар. Үш үйіне үш әйелі бас-көз болып отыр. Үлкен әйелімен отасқанына 14 жыл толған. Екінші мәрте 25-інде, үшінші рет 28 жасында отау құрған. Қазір бәрінен перзент сүйіп отыр. Күнделікті тұрмыста Еркебұлан олардың бәрін тең, әрі бір көретіндігін айтады.

– Бұл өмірде Алла маған үйленуге үкім берген, Құран кәрімде жазылған. Оның сөзіне күмән келтіретін мен кіммін? Ал, екінші, үшінші әйел болуға келісетіндер – олар иманды адамдар, – дейді Еркебұлан.

Құран кәрімде көп әйел алуға тыйым салынбағанымен, Алла жолында жүрген пенденің төртеуіне бірдей әділетті, мейірбан болатындығына ислам дінтанушысы Мұртаза Бұлұтай күмәнмен қарайды. Дегенмен, ол бұл істің жүзеге асуын қалайтын жақтастардың бірі екен.

– Заңды түрде расталса, мен бұл мәселені қолдаймын. Көп әйел алу қазір де бар, бұрын да болған, – дейді дінтанушы.

Парламент мәжілісінің депутаты Амангелді Айталы "көп әйел алу – дәулетті адамдардың ермегі" деген пікір айтады. Сондықтан, тұрмысы жүдеу еркектің мұндай қарекетке баруы екіталай деп есептейді. Оның сыртында, Қазақстандағы жетімдер санын азайту мәселесін көтеріп жүрген депутат, жесір әйелдер проблемасын да шешуге қолайлы мүмкіндік туатындығын жасырмайды.

– Әсіресе, жетімдіктің алдын-алуға қолайды болар еді. Бірақ мұндай заң шықса, қоғам бәрі бірдей алу керек деген ой айтады. Қазіргі қоғамның тек екі-үш пайызында ғана мұндай мүмкіндік бар, – дейді депутат Амангелді Айталы.

Әділет басқармасының азаматтық хал актілерін жүргізу бөлімінің бастығы Зайда Нұрабаева көп әйел алудың конституцияға қайшы дүние екендігін атап айтады. Маманның өз басы көп әйел алуды заңдастыруға түбегейлі қарсы. Ол "бір ер адамға қараған екінші-үшінші әйелдің күні қараң, себебі, олардың құқын қорғап шығатын заң Қазақстанда жоқ" дейді.

– Отбасында пәлендей бір мүліктік дау туса, екінші әйелі оны қалай бөлісе алады? Ертең даулап барған мекемесі сенің некең заңсыз, балаң заң бойынша мұрагер емес деп шығарып салады, – дейді мемлекеттік мекеме өкілі.

Психолог Зүбәйдә Кененбаева әкелері бір, бірақ аналары бөлек балалардың жүйкесі бір үйден шыққан қатарластарына қарағанда әлдеқайда әлсіз болатындығын айтып отыр. Сондықтан, келешекте ұлт негізін ұстап қалатын жас буын өкілдерінің денсаулығына қазірден бастап мән берген абзал дейді маман.

– Қызғаныш тумас үшін үш отбасының мүшелері бір үйдің адамдарындай араласқаны дұрыс. Ал, ер адамның бұл іске шамасы жетпесе, балалардың жүйкесі құритыны анық, – дейді психолог маман.

Еркебұлан үш әйелі бір-бірімен қоян-қолтық араласып тұрмайтындығын айтады.

– Ал, балаларымды аналары мейірбандыққа үйретсе, олардың тасбауыр боп өспейтіндігіне сенімім мол, – дейді үш әйелі бар Еркебұлан.
XS
SM
MD
LG