Accessibility links

Ауғанстан 2012 жылға дейін жерасты миналарынан толық арылғысы келеді


Ауғанстан әлемдегі ең көп миналанған ел қатарында саналады. Елді минадан тазарту ісіне 8 мыңдай минатазалағыш жұмылдырылған. Мақсат - 2012 жылға дейін елді мина және басқа да жарылғыш заттардан толық тазарту.

Ауғанстандағы батыс аймақ ресми өкілдері өткен аптада 20 мыңға жуық минаны жарды. Ол қарулар жергілікті дала жауынгерлері қолынан жинап алынған екен.

Сарапшылардың есебіне қарағанда, әлем бойынша 70 шақты елде 100 миллиондай мина көмілген. Демек әрбір 20 минут сайын мина жарылысынан бір адам көз жұмып жатады. Өткен жылдарда Ауғанстанда жүргізілген қарқынды жұмыстар нәтижесінде бұл елде мина құрбандарының саны айтарлықтай кеми түскен болатын.

Дегенмен, ол қару түрлерінен негізінен жасөспірімдер, оның ішінде балалар көбірек зардап шегіп жатады. Әсіресе, үйлеріне жағатын отын тере шыққан балалар осындай оқиғаларға жиі тап болады. Ауған ресми өкілдерінің сөзіне қарағанда, елдің 800 шаршы километрі минадан, ал қалған бөлігі басқа да жарылғыш заттар кесірінен бүлінген екен. Жер асты миналарын қарулы топтардың қолданып келгені де белгілі.

Ауғанстанның батыс, шығыс және оңтүстік аймақтары - минадан көп зардап шеккен өңірлер. Елде бұған дейін 15 шақты ұйым миналарды табу және залалсыздандыру ісіне жұмылдырылған болатын. Өткен 10 жыл ішінде жерді минадан жерді тазалағыш 500-дей адам қаза болған немесе жараланған екен. Шохаб Хакими - жерасты миналарына тыйым салу науқанының төрағасы және минаны табу мен одан қорғану орталығының директоры.

- Егер көмек қолын созушы елдер минаны залалсыздандыру бағдарламасына қаржылай көмек көрсетулерін жалғастырар болса, онда 2007 жылға дейін минадан аса қатты зардап шеккен барлық аймақтар тазартылар еді. 2012 жылға дейін көмек немесе қаржы келіп тұрса, онда орташа, тіпті аз көлемде миналанған аймақтарды да залалсыздандыру мүмкін болмақ. Ауғанстан минадан толық тазартылады дей алмаймыз. Әйткенмен, халық қоныстанған аймақтардағы минаның кесірін жояр едік, - дейді Шохаб Хакими.

Ауғанстан ресми өкілдерінің айтуынша, минадан тазарту ісіне 2007 жылға дейін 200 миллион доллардай қаржы қажет болатын түрі бар. Оттава конвенциясына қол қойған аймақтағы санаулы ғана елдің бірі - осы Ауғанстан. Ол келісім бойынша жаяу әскерге қарсы қолданылатын жерасты миналарын пайдалануға, жасап шығаруға, сатуға және тасымалдауға тыйым салынады. Оттава конвенциясы сонымен бірге бұл келісім күшіне енген төрт жыл ішінде мина қорларының жойылуын талап етіп келеді.

Иран-Ирақ соғысы жылдарынан қалған мыңдаған миналардан жері зардап шеккен Иран елі Оттава конвенциясына қосылған жоқ. Алайда, жерасты миналарының қолданылуы, жасалуы, сатылуына қарсы күресуші халықаралық науқан мәліметтеріне қарағанда, Иран елі жерасты миналарын “адамзатқа қарсы қару” деп бағалаған.

Бірақ, ел шекарасын есірткі тасымалдаушылар мен өкіметке қарсы күресуші лаңкестік топтардан қорғау үшін мина “қажетті зұлымдық, қатыгездік қаруы” дейді Иран өкілдері.
XS
SM
MD
LG