Accessibility links

Үндістан Ауғанстанның Орта Азия елдерімен жақсы қатынаста болғанын қалайды


Үндістан сыртқы істер министрі Шыйам Саранның айтуынша, Нью Делилік ресми басшылық алдағы аптада болатын Ауғанстан президенті Хамид Қарзайдың сапары өзара саяси және экономикалық байланысқа септігін тигізеді деген үмітте.

Президент Қарзаймен Қабулда болған кездесу нәтижесінде министрдің айтуынша, Үндістан екі жақты сауда саласындағы қолайлы серіктес қана емес, бұрынғы советтік аймақтағы Орталық Азия елдерімен өзара аса маңызды байланыс елі ретінде де пайдалы мемлекет болып табылады.

Тілшіміздің хабарлағанындай, Ауғанстан президенті Хамид Қарзай ақпанның 15-і күні Қабулда Үндістан сыртқы істер министрі Саранмен кездескенде, Түркіменстаннан бастау алатын табиғи газ құбыры жобасына Нью Дели өте мұқият қарауы тиіс деген.

Ол ұсыныс бойынша, шығыс Түрікменстаннан шығатын газ құбыры батыс Ауғанстан және Пәкістан арқылы өтуі қажет екен. Энергия өнеркәсібі мамандарының айтуынша, ол газ құбыры Үндістанға дейін жетпесе, онда экономикалық жағынан онша тиімді бола қоймас. Министр Саранның президент Қарзайға айтуынша, Нью Дели ол жобаны қарастырып жатқан көрінеді.

- Ауғанстанға Орталық Азиямен өзара байланыстыратын экономикалық мүмкіндік аймағы деп қараған жөн болады, - дейді Үндістан сыртқы істер министрі.

Келіссөздерден кейін Саранның айтуынша, президент Қарзай да өзара жақын байланысқа ынталы екен.

- Хамид Қарзай ақпанның 23-інде болатын Үндістан сапарына үмітпен қарайды. Екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықтың көптеген салада кеңейе түсуін қалайды, - дейді министр.

Саранмен болған келіссөздерде Ауғанстан жағынан қорғаныс, сауда, коммерция, денсаулық және экономика министрлері қатысқан.

Үндістан АҚШ-тың қолдауымен тәліп күштеріне қарсы күресте белсенділік танытқан, сондай-ақ, Қарзай саясатын қолдап, Ауғанстанға 400 миллион доллар қаржы көмегін де берген. Оның үстіне министр Саран өз кезегінде Ауған ұлттық армиясына 50 әскери жүк көлігін сыйлаған.

Швециядағы Упсала университетінің Жібек Жолы бағдарламасының директоры Сванстромның айтуынша, Үндістан мен Ауғанстан өзара жақын қарым-қатынастық байланыста болуына бірнеше сбеп бар.

- Біріншіден, сауда-саттық қарым-қатынасы. Екіншіден, мұнай, газ құбыры байланысы. Сондай-ақ, саясат, лаңкестікпен күрес, Пәкістандағы кейбір аймақтарға бақылау, тағы басқалар. Әдетте Пәкістанның Ауғанстанға түрлі әсер-ықпалы да бар. Ал оған Үндістан араласса ол әсер күші біршама өзгеруі де мүмкін, - дейді директор.

Үндістан сыртқы істер министрі сондықтан Үнді-Ауған байланысына орай Пәкістандағы алаңдаушылықты басу үшін Қабулдан кейін бірден Исламабадқа ұшқан.

Сванстромның айтуынша, министрлік қызметке келгелі Саран Пәкістан президенті Первез Мушарафпен сауда-саттық мәселесінде бірнеше рет кездескен.

- Ал сауда мәселесіне келгенде Үндістан Пәкістанмен өзара байланысқа ынталы. Соңғы кездері әсіресе Орта Азия, Ауғанстан және Пәкістан мен Үндістан арасында өзара байланыста игі қадамдар бар, - дейді Сванстром.

Нью Делидегі халықаралық орталықта дүйсенбі күні сөйлегенде Саран, Үндістан өз көрші елдерімен шекаралық инфрақұрылымын жақсартуға және ондағы құрылыс саласына қаржы инвестициясын бөлуге дайын деген. Бірақ Саран, мысалы, Пәкістан сияқты көрші елдер өз аумағы арқылы лаңкестік әрекеттерге жол беруін тоқтатар деген үміт айтқан.

Алайда Ауғанстан арқылы өтетін мұнай, газ құбыры жобасына, оның жүзеге асуына швециялық зерттеуші сенімсіздікпен қарайды. Оның пікірінше, алдымен шешілуі тиіс бірқатар мәселе бар. Мысалы, Ауғанстандағы қауіпсіздік, Түркіменстандағы оқшаулану, Пәкістан мен Үндістан арасындағы қырғи-қабақтық мәселелері дегендей. Сванстромның айтуынша, Ираннан оңтүстік Пәкістанға дейін жатқызылатын газ құбыры жобадағы Ауған құбыр жолына кедергі бола қоймауы тиіс.
XS
SM
MD
LG