Accessibility links

Баспасөзге шолу. 17 ақпан 2005 жыл.


“Ақ жол” партиясындағы алауыздықты талқылау бейсенбідегі басылымдардың басты тақырыбына айналыпты. Кейбір газеттерде “Ақ жол” партиясының бес теңтөрағасының басының бірігуі қиын екендігі айтылып, келешекте де бұл партияның арасындағы ыдыраушылықтың жалғаса беретіндігі туралы қорытынды жасалыныпты.

“Жас Алаш” басылымының бейсенбі күнгі санында “Ақ жол” екіге жарылды. Неге?” деген сауал қойылып, осы мәселеге қатысты саясаткерлер, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері өз ойларын ортаға салыпты.

Тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелді “Ақ жол” партиясын халықтың жаман қабылдамағанын айта келіп, партияның ұстанымына, бағдарламасына қолдау көрсеткендердің аз болмағандығына тоқталыпты. Мәмбет Қойгелдінің пікірінше, партияның ішінде жарылыс болып жатса, ол да өмір деп қарап, одан трагедия жасаудың қажеті жоқ. Сондай-ақ Мәмбет Қойгелді ХХ ғасырдың басында өмір сүрген алаш зиялыларының арасында да өзара келіспеушіліктің болып тұрғандығын мысалға келтіріпті. Саясаткер Сейдахмет Құттықадамның пікірінше, партияның ішінде өзара келіспеушілік пен алауыздық туғызу "сыртқы күштердің ықпалымен" жасалып жатыр.

Қазақстандағы демократиялық күштерді үйлестіру кеңесінің мүшесі Серікбай Әлібаев “Ақ жолда” осындай ажырасудың түптің-түбінде болатындығын ежелден-ақ білгендігін тілге тиек етіпті. Қазақстан коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин тура осы “Ақ жол” партиясындағыға ұқсас жағдайды өз басынан өткергендігінен хабардар етіпті.

Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, "коммунистік партияны екіге бөлу үшін билік Владислав Косарев сияқты адамдарды тауып алып, үлкен әрекет жасаған". Сол себептен де Серікболсын Әбділдин “Ақ жол” партиясының басшыларының арасындағы алауыздықты "билік жасап отыр" деп есептейді екен. Әлеуметтанушы Сәбит Жүсіпов “Ақ жол” партиясының арасына “жік түсті” деп айтуға әлі ерте екендігіне тоқталып, "олар ымыраға келе алмаса ғана оны билік тарапынан ұйымдастырылып отырған әрекет ретінде бағалауға болатындығын" айтып өтіпті. Саясаткер Петр Своиктің пікірінше “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Әлихан Бәйменов "оппозициялық, демократиялық күштердің бірігуіне тежеу" болып келеді.

“Московский комсомолец в Казахстане” басылымында жарық көрген Айжан Бахтиярдың мақаласында “Ақ жол” партиясы дүниеге келген кезде көпшіліктің бұл партияға үлкен сенім білдіргендігі және билікке қарсы өз сөзін айта алатын партия пайда болды деп үміт артқандығы айтылып, шын мәнісінде жағдайдың басқаша болып шыққандығы баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, өз араларында келісе алмаған “Ақ жол” партиясының тең төрағалары ендігі уақытта тек бір-бірін қаралауға көше бастаған. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, “Ақ жолдың” Әлихан Бәйменов бастаған тобы Алтынбек Сәрсенбайұлына сенімсіздік білдіру мәселесін көтерсе, Алтынбек Сәрсенбайұлы, Ораз Жандосов, Болат Әбілов бастаған екінші тобы Әлихан Бәйменовтың іс-әрекеттерін демократияның ту сыртынан жасалған соққы ретінде бағалапты.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Түркістан” басылымында Есенгүл Кәпқызының “Ақ жол қайда барады?” атты талдау мақаласы жарық көріпті. Мақала авторы "сайлауға дейін жұмылған жұдырықтай ынтымақтық танытқан “ақжолдықтардың” сайлаудан кейін бас біріктіре алмағандығына" тоқталыпты. Мақала авторының айтуынша, ендігі әрекеттері қалай болатындығын жұртқа түсіндіріп айта алмаған “ақжолдықтар” өз ішіндегі алауыздықты біраз уақыт жасырумен келген. Мақалада келтірілген деректерге сүйенсек, “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Болат Әбілов партияны қаржыландырудың үздіксіз жүргізіле беретіндігін мәлімдепті.

“Ана тілі” газетінде жарық көрген Нұрлыбек Саматұлының мақаласында “Ақ жол” партиясының бес теңтөрағасының басының бірігуінің қиын екендігі айтылып, келешекте де бұл партияның арасындағы ыдыраушылықтың жалғаса беретіндігі туралы қорытынды жасалыныпты.

“Время” газеті болса “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлынан сұхбат алыпты. Өз сұхбатында Алтынбек Сәрсенбайұлы жұмыс істей бастағандығына үш жарым ай толған жаңа парламенттің жұмысына өз тарапынан баға беріпті. Алтынбек Сәрсенбайұлының айтуынша, “Отан” партиясы парламент сайлауының алдында жұмыссыздық көбейген аймақтың әкімдерін отставкаға кетіру туралы мәселе көтергенімен, іс жүзінде берген уәделерін орындай алмаған.

Осы сөздеріне дәлел ретінде “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы Қаратауда айлығын ала алмаған жұмысшылардың аштық жариялап, Павлодар облысындағы Ақсуда екі жүзден астам зауыт жұмысшыларының тұратын жатақханаларын жекешелендіріп алып жатқандығына наразылық білдіргендігін айта келіп, “Отан” партиясының осы қалалардағы әкімдерді отставкаға кетіру туралы бастама көтере алмағандығын мысалға келтіріпті. Алтынбек Сәрсенбайұлының пікірінше, “Отан” партиясының бағдарламасында сөз бостандығы мен ақпарат еркіндігі, қоғамды демократияландыруға қатысты берілген уәделер бар болғанымен, олар да уәде күйінде ғана қалып отыр.

Газет тілшісіне берген сұхбатында Алтынбек Сәрсенбайұлы тәуелсіз басылымдардың бірінен соң бірі жабылып жатса да “Отан” партиясынан сайланған депутаттардың мұның бәріне көзін жұмып, үнсіз отырғандығына айрықша тоқталыпты.

Сондай-ақ Алтынбек Сәрсенбайұлы ендігі уақытта биліктің бір адамның ғана қолында болғандығын қаламайтындығын, президенттің тек бір-ақ мерзімге сайлануы керектігін және оның тек сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік мәселелерімен, ал, экономика және саясатпен сайлауда жеңіске жеткен парламенттің айналысуы қажеттілігіне тоқталыпты.
XS
SM
MD
LG