Accessibility links

Сенат қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу бекеттері туралы келісімді заңмен бекітті

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ

Қазақстан парламентінің сенаты Қазақстан үкіметі мен Қырғыз үкіметі арасындағы мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттері туралы келісімді бекіту жөніндегі заң жобасын қабылдады.

Ақпанның 17-і күні Қазақстан республикасы парламентінің сенаты Қазақстан үкіметі мен Қырғыз республикасы үкіметі арасындағы "Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімді бекіту туралы" заң жобасын қабылдап, Қазақстан президентіне қол қоюға жолдады.

Көршілес екі ел арасындағы бұл келісімге 2003 жылы 25 желтоқсанда Астана қаласында қол қойылған.

Аталған құжат жасырын көші-қон, қару-жарақтар, оқ-дәрілер, есірткі құралдары, психотроптық және улағыш заттар, прекурсорлар, радиактивтік заттар контрабандасының жолын кесу, сондай-ақ өткізу бекеттерінде мемлекеттік шекара режимін қолдау жөніндегі мәселелерді шешу мақсатында Қазақстан мен Қырғыз республикалары шекарасындағы өткізу бекеттері қызметінің құқықтық негізін жасауға бағытталған.

Қазақстан қаржы вице-министрі - кедендік бақылау комитетінің төрағасы Бердібек Сапарбаев заң жобасының негізгі мақсаты - аталған екі мемлекет арасындағы қарым-қатынасты жақсарту екенін айтады.

Заң жобасында өткізу бекеттерін ашу және жабу немесе олардың мәртебесін өзгерту екі елдің дипломатиялық арналары бойынша келісілетіні және жеке хаттамалармен рәсімделетіні айтылған. Ал, қазіргі уақытта Қазақстан мен Қырғыз республикалары арасында 6 көпжақты және 6 екіжақты мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттері жұмыс істейді.

Келісімде белгіленген бақылау тәртібін сақтай отырып, екі елдің азаматтарын, тауарлар мен көлік құралдарын қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасы арқылы қолданыстағы өткізу бекеттерінен тыс өткізуді жүзеге асыру тәртібі не ерекше жағдайларда өткізу бекеттері арқылы қозғалысты тоқтату көзделіпті.

Кедендік бақылау комитетінің төрағасы Бердібек Сапарбаев заң жобасын талқылау барысында 6-шы бапта қаралған мәселенің пікірталас тудырғанын айтты:

- Онда ерекше жағдай туралы сөз болады. Ерекше жағдай дегеніміз - кейбір аумақтарда табиғатқа, денсаулыққа, халықаралық жағдайларға байланысты кейбір ерекше жағдайлар болуы мүмкін. Сол кезде ерекше жағдай болған мемлекет көрші мемлекетке 24 сағаттың ішінде болған жағдай туралы мәлімдеме жасайды. Одан соң осы келісімде көрсетілмеген өткізу бекеттерінен басқа жерлерде адамдарды, көліктерді өткізуге болады.

Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 312 миллион теңгені құрайды. Екі ел арасындағы тауар айналымы негізінен автокөлік және темір жол арқылы өткізіледі.

Қазақстан парламенті сенатының халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Тасбай Симамбаевтың айтуынша, заң жобасын талқылау барысында есірткі, контрабандалық заттардың тасымалданбауына маңыз аударылған.

Қазақстан республикасының қаржы вице-министрі - кедендік бақылау комитеті төрағасы Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, аталған келісімді бекіту туралы заң жобасы қазіргі уақытта Қырғыз республикасының заң шығарушы органында қаралып жатыр.
XS
SM
MD
LG