Accessibility links

Оппозиция Байқоңыр айлағы үшін Ресей төлеген ақшаны таба алмай отыр

  • Гүлмира ХАМЗА

Қазақстан оппозициясы Ресей үкіметінің Қазақстаннан Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алғаны үшін төлеген 4 миллиард теңгенің қайда кеткенін білгісі келіп отыр. Осы мәселеге байланысты оппозиция Қазақстан президентіне, бас прокуратураға, ұлттық қауіпсіздік комитетіне арнайы мәлімдеме жасады.

Қазақстанның демократиялық күштерінің үйлестіру кеңесі қазақстандықтардың 4 миллиард теңгеден астам ақшасы қайда кеткенін білгісі келіп отыр. Бұл Ресей үкіметінің Қазақстанның Байқоңыр ғарыш айлағын жалға алғаны үшін төлеген ақшасының бір бөлігі. Оппозицияның пікірінше, бұл ақша мемлекет бюджетіне түспей, кейбір лауазымды мырзалардың қалтасына кетуі мүмкін. Осы мақсатта оппозициялық күштер ақпанның 17-і күні Қазақстан президентіне, бас прокуратураға, ұлттық қауіпсіздік комитетіне арнайы мәлімдеме жасады.

Бұдан бір ай бұрын Қазақстанның демократиялық күштері үйлестіру кеңесі Қазақстан және Ресей президенттеріне арнайы хат жолдаған болатын. Олар Қазақстанның Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беруге байланысты төленетін төлемақы төңірегінде қалыптасқан коррупция туралы даулы мәселенің ақ-қарасын айырып, сұрақтарға жауап беруді сұраған болатын.

Ақпанның 17-і күні Қазақстан оппозициясы журналистерге Ресей Федерациясының есеп палатасының жетекшісі Сергей Степашинның Ресей Федерациясы мемлекеттік думасының төрағасы Борис Грызловқа жолдаған хатының көшірмесін көрсетті. Қазақстанның демократиялық күштері үйлестіру кеңесінің төрағасы Жармахан Тұяқбайдың айтуынша, Сергей Степашин Ресей президенті Владимир Путинның тапсырмасымен арнайы тексеру жүргізген. Тексеру аяқталғаннан кейін ол мемлекеттік дума жетекшісіне арнайы хат жолдаған.

- Қолымызға түскен құжаттар арқылы біз Байқоңыр ғарыш айлағына берілетін төлемақы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына берілгенін, бұл компания ие болған 65 миллион доллардың 22 миллион долларына сайман алғаны, қалған ақшаның делдалдар арқылы қолды болып кеткені анықталып отыр, - деп мәлімдеді Жармахан Тұяқбай.

Оппозиция көтеріп отырған даулы тақырыпты зерттеген журналистердің бірі Шәріп Құрақбаевтың айтуынша, мұндай мәлімдемеден кейін осы іске қатысы бар азаматтар үндемей отырмауы керек.

- Бұл негізінен 2001 жылы, Иманғали Тасмағамбетов премьер-министр қызметінде отырған кезде болған оқиға. Сол кезде «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 65 миллион долларға құрал-жабдық алғанымен, бұл құрал-жабдықтың құны 65 миллион доллардан әлдеқайда аз болған, - дейді Шәріп Құрақбаев.

Қазақстан коммунисттік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдиннің айтуынша, бұл мәселенің көтерілгеніне жарты жыл болғанымен, ресми Астана әлі үнсіз отыр.

- Көп жағдайда биліктің кімді айыптайтыны белгілі. Бұрындары да, қазіргі кезде де оппозиция билікке жала жауып отырған жоқ. Себебі, бұл мәселе Қазақстанда емес, алдымен Ресейде көтерілген, бұл істі былықтырып жүрген адамның есімі де белгілі. Біздің іздеп отырғанымыз - халықтың қаржысы. Мемлекеттің игілігіне жұмсалатын ақша жекелеген адамдардың қалтасына түсіп кеткен, - дейді Серікболсын Әбділдин.

Қазақстан оппозициясы енді бұл мәселені зерттейтін қоғамдық комиссия құру туралы бастама көтеріп ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ұсыныс жасап, Қазақстан бас прокуратурасы мен ұлттық қауіпсіздік комитетінен бұл оқиғаға байланысты тиісті шара қабылдауды сұрап отыр.

Сонымен қатар оппозиция өкілдерінің айтуынша, Ресей Федерациясының есеп палатасының дерегіне қарағанда, арнайы жүргізілген тексеру қортындысы Қазақстанның есеп комитетіне жіберілген. Осыған байланысты оппозиция Қазақстанның есеп комитетінің осы құжатты алған-алмағанын білгісі келеді.

Ал Қазақстан есеп комитетінің аппарат басшысы Темірхан Ибрашов Азаттық радиосына берген сұхбатында ондай құжат алмағанын айтты.

- Жоқ, біз Ресей Федерациясының есеп палатасынан ешқандай есеп алған жоқпыз. Бұл мәселе туралы елбасының прокуратураға берген тапсырмасы бар ғой. Прокуратура өткенде тексерудің қортындысын шығарып, барлығы дұрыс деп айтты ғой, - деп жауап берді Темірхан Ибрашов.

Ал бұл мәселеге байланысты Қазақстан бас прокуратурасының жауабын білуге тырысқанымызбен, ол мекемеден нақты жауап ала алмадық.

Қазақстан оппозицисы "қолды болды" деп отырған ақшаның көлеміне қатысты өз есебін де шығарып қойыпты. Оппозицияның есебі бойынша, 4 миллиард теңгеден астам ақшаға 2 жыл бойы 80 мың зейнеткерді зейнетақымен немесе 40 мыңдай студент жасты ай сайын 10 мың теңге көлеміндегі шәкіртақымен қамтамасыз етуге болады екен.
XS
SM
MD
LG