Accessibility links

Үндістанның мұнай-газ компаниялары Каспий қайраңын игеруге қатысуға ынталы


Үндістанның мұнай-газ министрі Мани Шанкар Айяр үнді компанияларының Каспий қайраңында жұмыс жасап жатқан Қазақстан компанияларымен бірлесіп, өндіріс және барлау жұмыстарына қатысқысы келетінін мәлімдеді. Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрі Владимр Школьник үнді компанияларына өзге шетелдік компаниялар сияқты тендерлік байқауға қатысуды ұсынды.

Ақпанның 18-і күні Астанада Қазақстан мен Үндістанның үкіметаралық жұмыс комиссиясы Паназиялық газ жүйесі жобасын талқылауын аяқтады. Үндістан делегациясын мұнай және газ министрі Мани Шанкар Айяр бастап келді.

Үкіметаралық комиссияның 5-ші отырысында Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізі, мұнай-газ саласындағы жобалар қаралды. Отырыс қортындысы бойынша, Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник пен Үндістанның мұнай және газ министрі Мани Шанкар Айяр хаттамаға қол қойса, «Қазмұнайгаз» ұлтық компаниясы мен Үндістанның «ONGC Videsh LTD» компаниясы бірлескен меморандумға қол қойды.

Қазақстан мен Үндістанның үкіметаралық комиссиясының 5-ші отырысының екі күндік жұмыс қортындысын Үндістанның мұнай және газ министрі Мани Шанкар Айяр жоғары бағалай келіп, алдағы жобаларының бірқатарымен таныстырды.

- Біз Каспий қайраңында жұмыс жасап жатқан Қазақстан компанияларымен бірлесіп жедел түрде Теңіз, Қашаған, Құрманғазы, Дархан кеніштеріндегі өндіріс және барлау жұмыстарына қатысқымыз келеді, - деді үндістандық мұнай-газ министрі.

Мани Шанкар Айяр мемлекет атынан «Гейл» газ компаниясы Қазақстанның Қазақстан-Қытай мұнай құбырының Солтүстік-Шығыс бөлігі мен Есіл-Астана-Қарағанды-Қытай құбыры жобасына әріптес ретінде қатысқысы келетіндігін айтты.

- Үндістан тарапының ұсынып отырған жобалары Қазақстан тарапының қызығушылығын туғызып отырғанымен, шетелдік компаниялар үшін заң біреу-ақ. Біз үнділік әріптестерімізді тендерлік байқауға қатысуға шақырамыз, сонда кім Қазақстан үшін тиімді жобаны ұсынса, олимпиадалық ойындар секілді, мықтылар ғана жеңе алады, - деді Қазақстанның энергетика және минералды ресурстар министрі Владимр Школьник.

«Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының президенті Ұзақбай Қарабалин Қазақстан-Үндістан сарапшыларының бірлескен тобы Каспий қайраңын түбегейлі зерттеуге кіріскендігін айтады. Үндістанның мұнай және газ министрі Мани Шанкар Айяр осы жолда жұмыс тобы және техникалық топтың сараптау жұмыстарына кірісіп кеткендігін, оның қортындысы 2006 жылғы ақпанда өткізілетін үкіметаралық комиссиясының отырысынан соң жарияланатындығына тоқталды.

Сонымен Үндістан мен Қазақстан арасындағы мұнай-газ саласы бойынша үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысына дейінгі аралықта белгіленген жобаларды нақтылай түсу үшін техникалық жұмыс тобы тұрақты қызмет атқаратын болады. Жобалар Қазақстан үшін тиімді деп табылса ғана тендерлік байқауға жіберілмек.
XS
SM
MD
LG