Accessibility links

Қазақстандағы сотталғандардың 600-ге жуығы ВИЧ дертіне шалдыққандар


Қазақстанда ВИЧ жұқпалы дертін жұқтырған 5 мыңға тарта адамның 600-ге жуығы қамау мекемелерінде отырғандар.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары ВИЧ инфекциясына, яғни, иммундық тапшылық вирусы індетіне шалдығушылар саны артып отыр. Қазақстан бойынша осы уақытқа дейін аталған инфекцияны жұқтырған 5 мыңға жуық адам тіркелсе, олардың 600-ге жуығы абақтылар мен колонияларда отырғандар.

Ақпанның 18-і күні «Шығыс және Батыс ВИЧ/СПИД қоры» халықаралық ұйымы Қазақстандағы түзету мекемелерінде ВИЧ/СПИД-тің және туберкулездің алдын алуға бағытталған алғашқы жобасының аяқталғанын мәлімдеді. Халықаралық ұйым өкілдерінің айтуынша, алдағы уақытта басқа да жобаларды жүзеге асыру жоспарда бар.

СПИД-пен күрес және оның алдын алу республикалық орталығына 4696 адам тіркелген, сарапшылардың пікірінше, аталған ауруға шалдыққандардың нақты есебін білу үшін мұны 2 жарым есеге көбейту керек. Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесі комитетінің мәліметіне қарағанда, сотталғандар арасында да жұқпалы қоздырғыш тапшылығының белгісі ауруына, яғни СПИД-ке шалдығушылар саны көбейе түскен.

Бұл туралы ақпанның 18-і күні «Шығыс-Батыс ВИЧ/СПИД қоры» халықаралық ұйымының Қазақстандағы түзету мекемелерінде ВИЧ-инфекциясының және туберкулездің алдын-алуға бағытталған жобасының аяқталуына арналған басқосуда айтылды. Жобаның аймақтық менеджері Наталья Вежнинаның айтуынша, алдағы уақытта СПИД-тің алдын-алудың облыстық кешенді шараларын жүзеге асыру жоспарланып отыр.

- Ол жобаны алдымен Алматыда, одан соң Қазақстанның басқа да қалаларында жүзеге асырмақшымыз, ол үшін қаржы да бөлініп отыр, - деді Наталья Вежнина.

Оның айтуынша, аталған халықаралық ұйымның өткізген алғашқы жобасының нәтижесінде 30 медицина, 60 тәртіп және шұғыл жұмыстар бөлімдерінің қызметкерлері мен 200-ге жуық сотталғандар ВИЧ инфекциясы туралы жан-жақты мағлұмат алған. Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің сотталғандарды медициналық қамту басқармасының бастығы Марат Ахметовтың айтуынша, бүгінде Қазақстан түрмелерінде жазаларын өтеп жатқандар арасында ВИЧ/СПИД ауруына шалдыққандар саны 550-ден асады.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары вирусты жыныстық қатынас арқылы жұқтырушылар саны көбейген. Былтырғы жылы олардың үлес саны 50 пайызға жеткен. Қарағанды облыстық қылмыстық атқару жүйесі басқармасының бастығы Қайырболат Есқалиевтың айтуынша, ВИЧ/СПИД-ке шалдыққандарын абақтыға түскеннен кейін бір-ақ білетіндер аз емес.

- Оған себеп - қылмыс жасайтындардың басым бөлігі жұмыссыздар, бұған дейін медициналық тексерістен өтпеген, дәрігерлердің кеңесін алмағандар. Тергеу изоляторына келгеннен кейін міндетті түрде анализ алынады, айнаға түседі, сонда барып ауру екендері анықталып жатады. 1990 жылдардың соңына дейін абақталарда ВИЧ/СПИД-пен ауыратындарды оқшаулап, басқалардан бөлек жерде ұстап келген болса, әлемдік тәжірибе бұның дұрыс еместігін көрсетіп отыр, - дейді Қайырболат Есқалиев.

Павлодар облыстық СПИД орталығының бас директоры Сағит Иманғазиновтың айтуынша, әр адам өзін ВИЧ инфекциясының ортасында жүрмін деп ойлап, әрдайым сақтанып жүруі тиіс.

- Егер адам есірткі қолданбай, жеңіл жүріске салынбаса ВИЧ инфекциясынан өз-өзін 100 пайызға сақтандыруына болады, - дейді дәрігер.

Мамандардың айтуынша, сотталғандар арасында ерекше қауіп төндіріп отырған СПИД және туберкулез дерттерінің алдын алуға арналған жобалар көптеп жүзеге асырылатын болса, аурулар санын бірнеше есеге қысқартуға болады.
XS
SM
MD
LG