Accessibility links

Баспасөзге шолу. 18 ақпан 2005 жыл.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Жұма күнгі басылымдар Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беру ісіндегі келеңсіздіктер және “Ақ жол” партиясының екіге бөлінуі мен сейсенбі күні болған жер сілкінісі туралы жазыпты.

“Панорама” және “Новое поколение” апталығында Қазақстандағы оппозиция өкілдерінің баспасөз мәслихатын өткізіп, Байқоңыр ғарыш айлағын жалға беру барысында белең алған келеңсіздіктер туралы баяндағандығы айтылыпты. “Панорама” апталығының хабарлауынша, Ресей есеп палатасының төрағасы Сергей Степашиннің Ресей мемлекеттік думасының төрағасы Борис Грызловқа жіберген құжаты, ресейлік жабдықтардың қымбат бағаға сатып алынғандығын растайды. “Новое поколение” апталығы Қазақстан парламентінің экс-спикері Жармахан Тұяқбайдың бұл туралы құжаттарды журналистерге табыс еткендігін баяндапты.

Осы тақырыпқа жұма күнгі жарық көрген басылымдардың ішінде “Республика” басылымы айрықша назар аударған. Газет сарапшысы Мұхаметжан Әділов бұл оқиға басталғаннан бері ол туралы басылым бетінде бірнеше сараптама мақаланың жарық көргендігін айта келіп, келтірілген деректер мен болжамдардың расқа айналғандығына тоқталыпты. Мақалада Ресей есеп палатасының деректері келтіріліп, “Қазақстан темір жолы” ұлттық компаниясынан ұрланған қаржының журналистер айтып жүрген көлемнен де көп болып шыққандығы тілге тиек етілген.

“Жас қазақ”, “Central Asia Monitor”, “Республика” басылымдарында “Ақ жол” партиясының төңірегіндегі болып жатқан дау-дамайға қатысты сараптама мақалалар жарық көрген. “Жас қазақ” басылымының сарапшысы Ержан Әбдіраман партия жетекшілер ұйымды бөлуге кірісті деген қорытынды жасаса, Қазақстан президентінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев “Central Asia Monitor” басылымына берген сұхбатында “Ақ жол” партиясындағы келіспеушіліктің одан әрі жалғаса беруі мүмкін екендігі туралы болжам айтқан.

“Республика” басылымында жарық көрген мақаласында журналист Сергей Дуванов “Ақ жолдың” бөлінуі керісінше, Қазақстандағы демократиялық күштердің күшеюіне ықпал етеді деген пікір білдіріпті. Сергей Дувановтың пікірінше, осы кезге шейін “Ақ жол” партиясының кімнің жағындағы партия екендігі түсініксіз болып келсе, ендігі уақытта бұл құпияның сыры ашылып, оларға өз таңдауларын жасауға тура келмек.

Сейсенбі күні Алматы қаласында болған жер сілкінісі де кейбір басылымдардың баса назар аударған тақырыптарының біріне айналыпты. “Деловая неделя” апталығында жарық көрген Филипп Маториннің мақаласында Алматы қаласында алдағы бес-алты айдың ішінде ара-тұра жер сілкінісінің болып тұратындығы туралы ескертіліпті. Газет бұдан жүз жыл бұрын Алматы қаласында күшті жер сілкінісінің болғандығын да еске салып өтіпті.

“Караван” апталығында жарияланған мақалада сейсенбі күнгі жер сілкінісі кейбір алматылықтардың зәре-құтын ұшырғаны туралы айтылыпты. Мақалада осы жер сілкінісінен кейін белгісіз біреулердің алматылықтардың арасында күшті жер сілкінісі болатындығы туралы жалған ақпараттар таратқандығы хабарланыпты. Газет тілшісінің жазуынша, бұқаралық ақпарат құралдары Алматыда күшті жер сілкінісінің болмайтындығын қайта-қайта хабарлағанымен, қаланың көптеген тұрғындары аптаны қатты қобалжумен өткізген. Дәрігерлердің айтуынша, Алматы қаласында күшті жер сілкінісі болатындығы туралы жалған ақпараттардың таратылуы кейбір жүрегі ауыратын адамдардың дертінің асқынуына түрткі болған.

“Новое поколение” апталығы сәрсенбі күні белгісіз біреулердің медициналық және білім беру мекемелеріне телефон шалып, өздерін Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігінің немесе ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ретінде таныстырып, таяу уақытты күшті жер сілкінісі болатындығы туралы жалған ақпараттар таратуы қала тұрғындарының арасында үлкен үрей туғызғандығын хабарлапты. Газет тілшісінің айтуынша, жер сілкінісінен кейін сейсмологтардың шұғыл түрде баспасөз мәслихатын өткізгендігін де қарапайым халық басқаша қабылдаған. Мақалада сондай-ақ Алматы қаласында күшті жер сілкінісі болатындығы туралы жалған ақпаратты таратқандарды құқық органдарының іздеп жатқандығы да айтылыпты.

“Экспресс К” басылымында Алматы қаласында күшті жер сілкінісі болатындығы туралы жалған ақпараттар таратылғаннан кейін кейбір мектептер мен мектепке дейінгі мекеме әкімшіліктерінің шұғыл шараға кірісіп кеткендігі тілге тиек етіліпті. Мақала авторының айтуынша, сейсенбі күнгі жер сілкінісінен кейін Қазақстандағы кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының келешекте Алматыда күшті жер сілкінісінің болатындығы туралы болжамдар жасай бастауы да қарапайым тұрғындарының одан сайын үрейін ұшыра түскен.

“Комсомольская правда” газетінің “Қазақстан” қосымшасында жарық көрген мақалада Алматы қаласындағы көптеген үйлердің сейсмикалық талапқа сай еместігі айтылыпты. Мамандардың айтуынша, үш подьезден тұратын үйді сейсмикалық талапқа сәйкес етіп күшейту үшін 150 мың теңге қаражат қажет екен.
XS
SM
MD
LG