Accessibility links

Қазақ тілі ресми тілдің ығынан шыға алмай келеді


21 ақпан - халықаралық ана тілі күні. Аз ұлттар мен халықтардың жоғалып бара жатқан тілдерін сақтау және дамыту мақсатында бұл күні ЮНЕСКО ұйымының XXX бас конференциясының бастамашылығымен 1999 жылдан бері атап өтіліп келеді.


Қазақстанда жергілікті халықтың тілі болып саналатын қазақ тілі тәуелсіз Қазақстан республикасының мемлекеттік тілі деген мәртебеге ие. Алайда, совет заманында екінші дәрежедегі тілдің кейпін кешкен қазақ тілі Қазақстан тәуелсіздік алғаннан соң да бүгінгі заңды мәртебесіне сай қолданылмай келеді дейді елдегі қазақ тілінің қайта жаңғырып дамуын мақсат тұтатын бірқатар қоғам белсенділері мен ғалым-мамандар.

Қазақстандағы тұратын әзірбайжан ұлтының өкілі Асылы Әли Османқызы мемлекетте қазақ тілінің мәртебесін көтеру - кешегі совет заманындағыдай, әлі күнге ең өзекті мәселелердің бірі болып қалып отырғанын айтады. Сол себепті де Асылы Әли Османқызы Қазақстанда ең алдымен қазақ тілінің мәртебесін көтеруге күш салу керек деп есептейді.

- Мемлекеттің тілі құрып бара жатыр дегеннен аулақпын. Бұрынғыға қарағанда алға жылжуымыз бар, әрине. Бірақ сол тиісті өз дәрежесінде болмай тұр ғой. Қазақтың тілінің өмір сүре алатын да, дами алатын да бір-ақ жері бар әлемде. Ол – Қазақстан, - дейді ғалым Асылы Әли Османқызы.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін елде орыс тіліне ресми, ал қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілгені белгілі. Бірақ, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілгеніне қарамастан, Қазақстанда ресми тіл - орыс тілінің үстемдігі күшейіп барады деп айтады тіл мамандары. Осыған орай, соңғы жылдары кейбір қоғамдық ұйымдар Қазақстанда қазақ тілін білмеген азаматтарды мемлекеттік қызметке алмау туралы жөнінде бастама да көтерді.

Алайда қоғамның бір бөлігі ондай ұсыныспен келіспей, қарсы пікір білдірді. Қазақстанда тұратын орыс қауымдастығы қоғамдық ұйымы белсенділерінің бірі Юрий Бунаков мемлекеттік тілді мәжбүрлеу арқылы үйретуге болмайды деген уәж айтады.

Ал ұлты неміс, жазушы Герольд Бельгердің пікірінше, Қазақстанда соңғы жылдары қазақ тілін үйренуге деген құлшыныс байқалады.

- Соңғы он жылдың ішінде тіл мәселесіне келгенде, сөз жоқ, жасалып жатқан іс-әрекеттер бар. Оған менің көзім жетті. Қазақ тілі жөнінде көп әңгіме, көп сөз айтылады. Ол сөздің барлығының негізі бар сөздер. Дегенмен әлі де іштей риза болмай жүрміз ғой. Алайда мен әр жерде - студенттердің арасында боламын, жұртпен кездесіп әр жерде сөйлеймін, қоғамның арасында жүремін. Сонда байқағаным, соңғы жылдары қазақ тіліне көбірек назар аударылатын болды. Қазақ тілінің даму процесі тереңдей түскен сияқты, - дейді жазушы Герольд Бельгер.

Әйткенмен қазақ тілі әлі үлкен кеңістікке шыға алмай отыр деген ой білдіреді “Начнем с понедельника” апталығының бас директоры Дидар Амантай.

- Әлі күнге дейін қазақ тілі саясаттың немесе мемлекеттік мәселені шеше алатын тілге айнала алмай отыр. Көбінесе қазақ тілі ауылда, әрі кетсе аудан орталықтарында қолданылады. Сонымен қатар іс қағаздары негізінен әлі күнге шейін орыс тілінде жүргізіліп келе жатыр. Бірақ бұл жерде мына бір жайтты да ескеруіміз қажет. Біз ешқашан да қазақ тілін орыс тіліне қарсы қоймауға тиіспіз. Қазақ халқының екі тілде сөйлей алуы, олардың қабілетінің жоғарылығын көрсетеді. Келешекте қазақ халқы екі тілдің үстіне ағылшын тілінде де еркін сөйлей бастаса – нұр үстіне нұр, - дейді “Начнем с понедельника” апталығының бас директоры Дидар Амантай.

Мамандар әлемде өз халқының тілінің дамуын дұрыс жолға қоя алмаған көптеген елдердің ана тілдері жойылып кеткенін айтады.
XS
SM
MD
LG