Accessibility links

Экстремизмге қарсы заң қарама-қайшы пікірлер туғызып отыр


Қазақстанда қабылданған экстремизмге қарсы заң қоғамда пікір қайшылығын туғызып отыр. Кейбіреулер оны қоғам қауіпсіздігіне қажетті құжат деп санаса, енді біреулер бұл заң биліктің өзге пікірдегілерді қудалайтын құралына айналып кетуі мүмкін деген қауіп айтады.


Дінтанушы Бейбітқажы Сапаралы діни экстремизмге қарсы заң ауқымы қазіргі жобадағыдан кең болуы керек деген пікір айтады.

- Әуелі еліміздегі діни мәселелерді қате бағытқа алып кеткен діни бірлестіктермен қарым-қатынас туралы заңды түбегейлі өзгертуіміз керек. Соның ішінде экстремизмге қарсы тарау болу керек, - дейді Бейбітқажы Сапаралы.

Ол қоғамдағы барлық өзгерістерге әлеуметтік жағдай себепкер деген ой айтады. Қазақстанда жүрген түрлі діни ағымдар елдегі идеологияға өз әсерін тигізбей қоймайды дейді дінтанушы Бейбітқажы Сапаралы. Оның пікірінше, осы заңды қарап қабылдаған Қазақстан парламентінде дін туралы мағлұматы мол адам кемде кем:

- Осы айтылғандарды қорыта алатындай біздің бұрынғы және қазіргі парламентте терең діни білімі бар азаматтарды көріп отырған жоқпын.

Қазақстан аумағында «Хизб ут-Тахрир» ұйымының белсенділері 2000 жылдан бері пайда бола бастады дейді сарапшылар. Қазақстан парламентінің депутаты Владимир Алесиннің айтуынша, «Хизб ут-Тахрир» ұйымына көптеген елдерде тыйым салынған, ал бірнеше елде оны экстремистік топқа жатқызғанымен, оны анықтайтын механизмдері жоқ.

- Бірақ, сот ұйымды экстремистік деп тапса, солай болуы керек, - дейді депутат Владимир Алесин.

Ал, оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов ертеректе зайырлы мемлекет деген желеумен шағын діни ұйымдарды қыспаққа алып жіберген деп билікке сын айтады.

- Прокурорға және атқарушы билікке бағынышты сотқа сондай мүмкіндік берілгендігі дұрыс емес, соңғы кезде билік заңды өз мақсатына пайдаланып жүзеге асырып жатыр. Оны халықаралық ұйымдарға байланысты, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясына қатысты істерден көріп отырмыз, - дейді Әміржан Қосанов.

Бұл пікірге Атыраудағы "Демократияға қолдау көрсету" қоғамдық ұйымының төрағасы Жұмабай Доспановта қосылады. Ол Қазақстанда экстремизмге қарсы заң биліктің оппозицияға қысым көрсететін құралдарының біріне айналып кетуі мүмкін деп қауіптенеді.

- Мемлекет қауіпсіздігі немесе жемқорлықпен күрес дейді де, оларды оппозициялық күштерге қарсы қолданады. Қазақстанда діни топтар мықты емес, сондықтан бұл заң таза оппозициялық күштердің адымын аштырмау үшін жасалып жатқан нәрсе, - дейді Жұмабай Доспанов.

«Экстремизмге қарсы әрекет туралы» заңда айтылғандай, шетелдік немесе халықаралық ұйымдар сот тәртібімен және «прокурордың мәлімдемесі» негізінде «экстремистік ұйым» деп танылады. Саясаткер Әміржан Қосанов конституция бойынша мемлекеттен бөлек болуы тиіс діни ұйымдардың жұмысына да ресми билік тікелей араласып, оларды бақылауда ұстайды деп сын айтады.

- Мемлекеттік аппарат басшылығы министр арқылы Қазақстанның бас мүфтиін таңдады. Яғни, бүкіл дін идеясын мемлекеттің табан астында қалдырғысы келіп отыр. Меніңше, бұл дұрыс емес, - деді Әміржан Қосанов.

Қазақстан парламентінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Владимир Алесиннің айтуынша, заң бойынша белгілі бір топтың ісін экстремистік әрекетке жатқызу шешімін прокурор емес, Астана қаласының соты шығарады.

Саясаткер Жұмабай Доспанов бұл пікірмен келіспейтіндігі айтып, өткен айда өзінің "экстремист" деген күдікпен ұсталғанын мысалға келтірді:

- Ақпанның 9-ы күні демократиялық күштердің кездесуіне барып қайтып келе жатқанда мені "лаңкесші, экстремист" деп ұстап алып кетті. Артынан бәрі анықталды. Сол сияқты, ертең кез-келген жерде прокурордың бір бет қағазы адамды осылайша қаралап алып кетуге жарап жатыр.

Қазақстан биыл ақпанның 18-і күні қабылдаған "Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы" заңда бұл құжат "адам және азамат құқықтары мен бостандықтарын, конституциялық құрылыс негіздерін қорғау, Қазақстан республикасының егемендігін, оның аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін, ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында экстремизмге қарсы іс-қимылдың құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды" делінген.

Өткен аптада Астанаға сапармен келген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы Дмитрий Рупель аталған заң халықаралық талаптарға сай келмейді деген пікір білдірген еді.
XS
SM
MD
LG